Sputnik. Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынып жатыр, деп хабарлайды облыстық әкімдік.
Орталық жұмысы туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Орталыққа инвестор болған «Акса Энерджи» түрік компаниясы, жылу орталығының құрылысына 137 млрд. теңгеден астам инвестиция салған. Бүгінде, жұмыстың 70%-і аяқталды.
«Жаңа станция облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік береді. Биыл 4-ші тоқсанда аймақ үшін ерекше маңызы бар нысан ел игілігіне пайдалануға беріледі. Жаңа орталыққа бюджет есебінен 15 млрд. теңгеге газ құбыры тартылды», – дейді облыстық әкімдік.
Президент тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін Катар еліне іссапар кезінде қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жаңа бу-газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағынан берілген 280 гектар жерге салынады.
«Бұл мегажобаны 2028 жылы толығымен іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жоба аясында «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Шымкент» 500 киловольттық жоғары қуатты электр желісі тартылады», – делінген хабарламада.
Аймақта 10 мыңнан аса шақырым электр желісі мен 2 000 аса қосалқы станция бар. Олардың 62%-і тозған. Энергия үнемдеудің жаңа технологияларын қолданып, тозған желілерді азайту үшін өткен жылы 741 шақырым электр желісі мен 127 қосалқы станция жаңғыртылды. Биыл 15 млрд. теңгеге 3 ірі қосалқы станция, 314 шақырым әуе желісі және 127 қосалқы станцияны қайта жаңғырту қолға алынбақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!