Ғылым айлығы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде аймақтағы алғашқы Халықаларлық экологиялық марафон өтті.

Марафонның мақсаты – қоршаған ортаның қолайсыз факторларының салдарын азайту жөніндегі мәселелерді талқылау, қоршаған орта, сумен жабдықтау және Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы жобаларды іске асыруға жәрдемдесу, сондай-ақ экология және табиғи ресурстар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Экомарафонның жұмысына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эксперті, шетелдік және отандық ғалымдар, университеттің көптен бергі серіктестері және Арал өңірінің экожүйесін зерттеушілер қатысты.

«Биылдан бастап Қазақстан Республикасы 2024-2026 жылдар ішінде Халықаралық Аралды құтқару қорында төрағалық етеді. Құрамына Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін Халықаралық Аралды құтқару қоры Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ жалпы әлеуметтік-экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған бірлескен мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырумен айналысады. Міне Ғылым айлығы аясында орындалып жатқан бүгінгі іс-шарамызда тек қана өңіріміздің экологиялық мәселелеріне арналмайды жалпы жаһандық әлемдегі экологияның жағдайында қозғайды» деді алғы сөзінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Каримова.

Жиынның басты міндеті – Халықаралық Аралды құтқару қорының құрамына кіретін мемлекеттер ғалымдарының өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту, оның ішінде Орталық Азияның су ресурстарын тиімді пайдалану, болашақтың тұрақтылығын дамыту. Арал өңірінің қолайсыз аймағының экожүйелерін талдау, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін ғылыми ынтымақтастықты арттыру.

Сонымен қатар жиынға Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысы Нұржан Өмірсерікұлы, Экологиялық мәселелер жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эксперті Али Осама, Польшалық лимнологиялық қоғамның президенті, Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінің профессоры Петр Климашик, Оңтүстік-Батыс Цзяотон университетінің (ҚХР, Чэнду қ.) профессоры, экологиялық инженерия институты деканының орынбасары Жао Цзяоян, Оңтүстік-Батыс Цзяотон университетінің профессоры (ҚХР, Чэнду қ.) Сергей Кривоногов қатысты.

Экологиялық марафон өткізу эстафетасы Өзбекстандық ғалымдарға жолданды. Мұнан соң Оңтүстік-батыс Цзяотун университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында ынытмақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Фото: Университеттің медиа орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!