Қызылорда облыстық теннис орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған үстел теннисінен достық турнир ұйымдастырылды. Спорттық додаға этномәдени бірлестіктердің мүшелері, облыстық Ассамблея құрылымдарының өкілдері мен “Қоғамдық келісім” коммуналдық мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Бұл жарыс аймақта алғаш рет өткізіліп отыр. Шамамен 40-қа жуық қатысушы бақ сынаған турнир ерекше тартысқа толы болды. Шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап, түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен өзара түсіністікті күшейту еді.
Турнирдің ресми ашылуында “Қоғамдық келісім” КММ директоры Бақытжан Камалов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі және Ассамблеяның мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл бастаманың қоғам үшін маңызын атап өтті.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттар мен сыйлықтарға ие болды.
Ерлер арасында бірінші орынды Мэлс Ким, екінші орынды Рашид Икрамов, үшінші орынды Борис Федотов иеленді.
Әйелдер арасындағы үздіктер қатарынан Марина Ким (1 орын), Наталья Тян (2 орын) және Ирина Каратицкая (3 орын) көрінді.
Жастар арасында Бауыржан Жанұзақов топ жарса, Айдос Алназаров пен Бектемір Нахбек жүлделі орындарға табан тіреді.
Қатысушылар мұндай спорттық және достық сипаттағы турнирлер алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табады деген үміттерін білдірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!