Аймақта Қазақстан Республикасының VI жастар спорт ойындары бастауын алмақ. Ауқымды додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жас спортшылар келді. Бұл жарыс – жас дарындардың шеберлігін шыңдап, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашатын маңызды алаң. Сонымен қатар, елімізге танымал  бокс саңлақтары Сыр еліне арнайы келіп, жарыс көркін қыздыра түспек. Жарыс қарсаңында дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, жастар арасында аға жаттықтырушы Мақсат Бақтыбазаров, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен Галиб Джафаров БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Соңғы уақытта Қызылордада спортқа жақсы көңіл бөлінуде. Кеше ғана грек-рим күресінен үлкен жарысты өткіздік. Алдағы уақытта да спорттық шаралар өткізіледі. Бүгін міне бокстан жастар ойындары басталмақ.Өңірімізге бокс спортының жұлдыздары келді. Мұндай мықтылардың келуі жастарымызға үлкен мотивация. Шаршы алаңда шын мықтылар шықсын. Баршаларыңызды спорт мерекесіне шақырамыз,- деді Жігер Оңдасынұлы.

– Қызылордаға келмегеніме 10-15 жылдай болыпты. Қалада өзгеріс көп. Спорт саласына да лайықты көңіл бөлініп жатыр. Әр аймақта осындай дәрежедегі қолдау болу керек. Жастар ойындарына сәттілік тілейміз. Мүмкін осы жерге болашақ олимпиада чемпиондары келген. Біз де үнемі бақылап жүреміз. Бұл жерден чемпиондар шықпауы мүмкін емес,- деді Мұхтархан Қобыланбекұлы.

– Жастар ойындары жоғары деңгейде, әділ өтеді деген сенімдеміз. Жарысты мақсаты олимпиада ойындарына резерв дайындау. Жастарға мүмкіндік жасауымыз керек. Үміт күтіп жүрген спортшылар көп. Барлыға да сайдың тасындай іріктелген,- деді Мақсат Бақтыбазаров.

– Жастарды көріп біз де тәжірибеміз бөліссек деген ниетпен келіп отырмыз. Жарыс сәтті болсын! Сыр елінде спорттың қарқынды дамуының арқасында олимпиада чемпиондары шығады деген үміттеміз. Жастар ойындары – ел спортының келешегі. Бұл алаңнан талай чемпиондар өсіп шығады деп сенемін. Қатысушыларға сәттілік, ал жанкүйерлерге – жарқын әсер тілеймін,- деді Біржан Жақыпұлы.

– Жастар – біздің болашағымыз. Бұл ойындар – олар үшін үлкен мектеп. Әрбір жарыс – тәжірибе, әрбір қарсылас – сабақ. Мұндай жарыстар – тек медаль үшін емес, мінез үшін қажет. Жас спортшылар рингке шыққанда, тек қарсыласымен емес, өз қорқынышы, күмәні, әлсіздігімен күреседі. Ал нағыз жеңіс – сол ішкі күресте. Мықтылар жеңіске жетсін,- деді Галиб Джафаров.

Қызылордада VI жастар спорт ойындары өтеді

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!