Қызылорда облысында жалған ақшаны ел аумағына кіргізу және өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан топтың мүшелеріне қатысты соттың айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ұйымдасқан топ мүшелері ТМД елдерінің азаматтарынан құрылған. Олар шет мемлекеттердің бірінде жалған АҚШ доллары мен евроны шығаруды, одан әрі оны Қазақстан аумағына кіргізу және өткізуді жолға қойған.

«Жалған шетел ақшалары Алматы мен Қызылорда қалаларына жеткізіліп, өткізіліп отырған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларды жалған ақшаның келесі партиясын Қызылорда қаласында өткізу сәтінде қолға түсірді. Сот үкімімен аталған қылмыстық топтың аса ауыр қылмыс жасағанын біле тұра хабарламағаны үшін Қазақстан азаматшасы қылмыстық жауапқа тартылды. Арнайы операция жүргізу нәтижесімен олардан жалған 19 800 АҚШ доллары және 500 евро тәркіленді», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасынан.

Ведомство мәліметінше, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Қылмыстық істің апелляциялық тәртіпте қаралуы күтілуде.

Топтың 4 мүшесі 9 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал 1-і 2 жылға бас бостандығы шектелді.

Еске салсақ, биыл Қызылордада жол-көлік оқиғасынан 91 адам қаза тапты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!