Қызылордада жаппай тәртіпсіздік салдарынан зақымдалған ғимараттарды қалпына келтіру жұмысы 20 ақпанға дейін аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сыр өңірінде төтенше жағдай режимі бүгін аяқталды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осы орайда ресми мәлімдеме жасап, тұрғындарды сақтық шараларын сақтап жүруге шақырды. Айта кетсек, 5-6 қаңтар күндері аймақта жаппай наразылық болды. Нәтижесінде 952 адам құқық қорғау органдарына жеткізілді. Құқық бұзу әрекеттері бойынша 56 қылмыстық іс қозғалып, 97 адам қамауға алынды. Сондай-ақ, 436 әкімшілік іс қозғалып, 154 адам қамалды.
Аймақ басшысы мәлімдемесінде қылмыс жасағандар заң бойынша жауапқа тартылатынын айтып өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әртүрлі құқық бұзушылық бойынша ұсталған азаматтардың кінәлілік деңгейі анықталады. Тергеу шараларын жүргізу барысында адам құқықтарының бұзылуына жол берілмейді. Гүлшара Әбдіқалықова сын сәтте тұрғындардың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін сақтаған сарбаздар мен дәрігерлерге алғыс айтты.
«Сын сағатта жаппай тәртіп бұзушылармен күресіп, мемлекет тұтастығын сақтауда алдыңғы сапта тұрып, азаматтарымыздың өмірі үшін жанкештілік танытқан барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз. Антына берік дәрігерлер де төтенше жағдай кезінде қызметтеріне адалдығын көрсетті. От пен оқтың ортасында жүріп жаралылардың өмірін аман сақтап қалуға тырысты. Бұл ретте барша медицина қызметкерлеріне мың алғыс!», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде коммуналдық қызметтер мен шағын және орта бизнес нысандары қалыпты жұмыс істеп тұр. Өңірде қажетті азық-түлік өнімдері мен жанар-жағармай қоры жасақталған. Сондай-ақ, аймақ басшысы өз мәлімдемесінде зақымдалған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары 20 ақпанға дейін аяқталатынын мәлімдеді. Облыс әкімі жерлестерін ел Президенті ұстанған бағытын қолдап, бірлік танытуға шақырды.
«Бүлікшілермен күрес кезінде азаматтардың көпшілігі патриоттық танытып, келісім мен бірлікті көрсетті. Сынақ кезінде бірге болған барша Сыр жұртына риясыз алғысымызды білдіреміз. Халықтың бірлігімен кез келген қиындықтан шығамыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бірлікке үндейтін ұстанымдарына қолдау білдірейік! Елдің іргесі берік болсын! Күшіміз бірлікте», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Еске салсақ, Қызылордада бірыңғай байланыс орталығына төтенше жағдай кезінде 70 мың қоңырау түскен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!