Бүгін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай облыстық «Жас өлкетанушы – 2025» ғылыми-білім жобасы байқауы ұйымдастырылды.

Аталған жоба 2017 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Байқаудың негізгі мақсаты – облыс мектептеріндегі ынталы жастар мен жас зерттеушілерді туған өлке тарихына, ғылымға баулып ғана қоймай, ұлттық мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттап, жастардың музейге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Байқау аясында жас зерттеушілер Сыр өңірінің тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды жәдігерлерді жинақтап, оларды ғылыми тұрғыда сипаттап, зерттеген экспонаттары бойынша тың деректер ұсынды. Биылғы байқауға облыс бойынша 42 оқушы қатысып, нәтижесінде музей қоры 200-ге жуық құнды экспонатпен толықты.

Айта кетейік, мерекелік шаралар легі әлі де жалғасуда. Бүгін сағат 18:00-ден 23:00-ге дейін Шиелі ауданындағы Руханият орталығында «Музей түні – 2025» атты ерекше форматтағы мәдени кеш ұйымдастырылады. Шара барысында келушілер музей жәдігерлерімен танысып қана қоймай, түрлі танымдық-шығармашылық бағдарламаларға қатыса алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!