Бүгін Қызылорда қаласында Тағзым алаңында Полиция департаментінің жеке құрамның қатысуымен қысқы киім үлгісіне ауысу рәсіміне арналған саптық байқау және гарнизондық жиын өтті.

Гарнизондық жиынды Қызылорда облысы Полиция департаментінің  бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік өткізді. Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің аппараты, Қызылорда ҚПБ-ның жеке құрам қызметкерлері, Ұлттық ұлан қатысты, сондай – ақ қызметтік автокөлік бірліктері қамтылды. Департаменттің қызмет салалары жалпы 10 қорапты құрады.       

Жиын барысында қызметкерлердің сыртқы түр-сипаты, үлгілік киімі, қызметтік куәліктерінің, айырым белгілерінің талаптарға сай болуы тексерілді. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің ұқыптылығы мен жинақылығы, шаш үлгісі, киімінің мұнтаздай тазалығы басты назарға алынды.

Жеке құрамның қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет атқаруға дайындығы тексерілді. 

Департамент бастығы С. Ергешов қызметкерлердің үлгілік киімін, қызметтік куәліктерінің, айырым белгілерінің талаптарға сай болуын жеке тексерді.    

Қоғамдық тәртіпті сақтауға кірісетін полиция қызметкерлеріне облыстағы жедел жағдайдың жай-күйі туралы жеткізіліп, бағдарлар таныстырылды. Сонымен қатар полиция полковнигі Ергешов Серік саптық бөлімшелердің командирлеріне тапсырма берді. 

Одан әрі жиын жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсіміне ұласты. Полиция қатарына жаңа қосылған тоғыз жас маман қызметті адал және абыроймен атқаруға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы мен бостандықтарын қорғауға салтанатты түрде ант берді. Полиция департаментінің бастығы полиция қызметкерлерінің қатарын толықтырған жас буынды ант қабылдауларымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі. 

«Тұрғындардың қауіпсіздігі, олардың құқықтарының қорғалуы, заң талаптарының сақталуы бүгінгі күннің негізгі талабы. Сондықтан да қызмет барысында тұрғындармен ілтипатты қарым қатынас жасау, құқық бұзушылыққа жол бермеу, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытында Департаменттің барлық құрылым басшыларына тапсырма берілді. Тәртіп сақшысына қойылатын талаптар жоғары. Сондықтан да өңірдегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті нығайту бойынша алдымызға қойылған міндеттерді орындауда барлық күш-жігерімізді барынша жұмылдыруға тиіспіз» деді С.Ергешов.

Сондай-ақ жиын барысында қызметтік міндеттерін адал атқарған және жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ерекше көзге түскен 20 полиция қызметкері Алғыс хатпен марапатталды.

Олардың қатарында патрульдік, ювеналды, учаскелік полиция инспекторлары мен Ұлттық ұлан, Мамандырылған күзет қызметінің қызметкерлері бар. Іс-шара соңында полиция қызметкерлері оркестрдің үнімен салтанатты маршпен жүріп өтіп, қоғамдық тәртіпті қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кірісті. Өңірімізде қоғамдық тәртіпті сақтау күшейтілген режимде жүргізілуде. Күнделікті жаяу және автожасақ құрамында полицейлер бекітілген аймақтарда қызмет атқаруда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!