Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай Қызылорда облысында «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы» бағытында «Болашаққа бағдар» атты кең ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарға еңбек нарығына қосылуға жағдай жасап, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату арқылы халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын жүзеге асыру. Сонымен қатар, шара аясында аймақтар арасындағы еңбек ресурстарын тиімді үлестіру және қоныс аудару бағдарламасын кеңінен насихаттау көзделді.

Шараға Абай, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары мен жергілікті жұмыс берушілер қатысып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Одан бөлек, мемлекеттік қолдаумен кәсібін ашқан кәсіпкерлердің «Қызылордада жасалған» атты дайын өнімдер жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, іс-шара аясында өңірдегі колледждердің қатысуымен технологиялық даму мен еңбек нарығының сұранысына сай кәсіби бағдар беру мақсатында «Ашық есік күні» өтті.

19 мамырдан бастап өзге өңір өкілдері облыс аудандарында да бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткіуде. Жалпы жәрмеңкеге 8 000-нан аса бос жұмыс орны ұсынылды.

Соңғы 5 жылда Қызылорда облысынан 688 отбасы (2292 адам) солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Қоныс аударушылардың 80 пайыздан астамы бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар жергілікті әкімдіктер мен жұмыс берушілердің қолдауымен тұрғын үймен, бір реттік материалдық көмекпен қатар, коммуналдық және жалдамалы тұрғын үй шығындарын өтеуге арналған қаржылай көмек алған.

Қоныс аударушылардың қатарында жоғары оқу орнын аяқтап, мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан азаматтар мен мемлекеттен қаржылай қолдау алып, жеке кәсібін ашып, табыс тауып отырған тұрғындар да бар. Мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Іс-шараны Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев ашып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың атынан қоныс аудару бағдарламасын ілгерілетуге үлес қосқан бірқатар өңір өкілдеріне Алғыс хаттар табыстады.

Сондай-ақ, үздік жұмыс берушілер мен тауар өндірушілер де марапатталып, жұмысшы мамандықтарға сұранысты арттыру бағытында колледж түлектері арасынан үш жас маманға тұрақты жұмысқа жолдама берілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!