Биылғы жылдың есепті кезеңінде Қызылорда облысынан жалпы көлемі 15,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі шетел нарығына жөнелтілді. Бұл көрсеткіш аймақтың экспорттық әлеуетінің жыл сайын артып келе жатқанын дәлелдейді.
Экспорттың негізгі бөлігі, яғни 91,1%-ын күріш өнімі құрайды. Сыр өңірінің брендіне айналған сапалы күріш Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия және Ирак елдеріне экспортталды. Жалпы көлемі 13 843,1 тонна күріш шетелге жөнелтілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 141 пайызға жоғары.
Сонымен қатар, 401,6 тонна балық өнімі Ресей, Литва, Германия, Дания, Нидерланды және Қытай елдеріне жеткізілсе, 907,6 тонна қамыс Германия, Польша және Нидерландыға экспортталған, ал 40 тонна күріш қалдығы Ресейге жөнелтілді.
Өз кезегінде бұл көрсеткіш Сыр елінің аграрлық әлеуеті мен табиғи ресурстарын тиімді пайдалану арқылы, отандық өнімнің шетел нарығында сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Алдағы уақытта экспорт көлемін ұлғайтып, әлем елдеріне жаңа өнім түрлерін ұсыну көзделіп отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!