Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары күріш қауызынан биочар, кремний диоксидін алу технологиясын жасады.
Бұрын егін жиналып, дәнді өңдегеннен кейін мыңдаған тонна күріш қауызы пайдаланылмай, өртелетін. Ғалымдардың арқасында күріш қауызы мен сабанынан қағаз, белсендірілген көмір және биочар әзірленуде. Биочар әлемде топырақ қасиетін жақсартып, оның тұздылығын айтарлықтай төмендететін биотыңайтқыш ретінде кеңінен қолданылады.
«Кремний диоксиді шыны, керамика, абразив, бетонды жабдықтар, тіс пастасы, косметика, оптоталшық және т.б. өндірісінде қолданылады. Әдетте кремний диоксидін құмнан алады, біз күріш қауызынан, яғни қалдықтан алу технологиясын жасадық. Күріш қауызын майдалап, кептіріп, микротолқындық сәулелендіру жағдайында тұз қышқылымен өңдейміз. Осылайша бейорганикалық қоспаларды бөліп алу үдерісін жылдамдатып, күріш қауызын муфельді пеште сатылап 300 ºС-дан 800 ºС-ға дейін күйдіруді іске асырамыз. Нәтижесінде тазалығы 100 % кремний диоксиді алынады», – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Н.Аппазов.
Ғалымдар өңірде жетіп артылатын күріш қауызын қолданудың басқа да рационалды жолдарын іздестіруде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!