Фото: pixabay.com
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында полицейлер мен құтқарушылар қарда жүретін техникалармен тауға кетіп жоғалып кеткен 9 адамды құтқарды, деп хабарлайды KAZINFORM.
Тоғыз туристен құралған топ таулы аймаққа қарда жүретін техникалармен сапарға шыққан. Сол топтың ішінде Зоя Қызырова есімді зейнеткердің ұлы да болған.
Тәртіп сақшыларына қоңырау шалған ол әдетте баласының кешке қарай хабарласатынын, алайда бұл жолы қоңырау шалмай, белгіленген уақытта қайтып оралмағанын жеткізді.
– Риддер қаласы полиция бөлімінің жедел кезекшісі, полиция майоры Мейрам Азтаев шұғыл түрде қажетті шараларды ұйымдастырды. Туристердің тұрғылықты мекенжайын анықтау үшін учаскелік инспекторды жіберді, төтенше жағдайлар қызметімен байланыс орнатты, өтініштің тіркелуін қамтамасыз етіп, барлық тартылған бөлімшелердің жұмысын үйлестірді, – деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Полиция мен құтқарушылар спутниктік байланыс арқылы туристердің нақты орналасқан жерін анықтады. Тоғыз адамның барлығы аман-есен табылып, үсік шалу белгілері байқалған жоқ.
Оқиға орнына қажетті құрал-жабдықтармен бірнеше техника жұмылдырылып, құтқарушылар шұғыл түрде аттанды.
– Сол түні өмірімдегі ең ауыр күйзелісті бастан өткердім. Алайда полиция майоры Мейрам Аянұлының сабырлығы, сенімділігі мен адамгершілік қолдауы маған үміт сыйлады. Ол тек қызметтік міндетін атқарумен шектелмей, шынайы жанашырлық танытты. Менің он немерем бар, енді оларға полиция қызметкерлері мен олардың күнделікті ерліктері туралы үнемі айтып отырамын, – деп ризашылығын білдірді Зоя Қызырова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!