KAZINFORM – Қазақстанда риелторларға қатысты шағым артып келеді. Тұрғындар жоғары комиссия мен біржақты келісімшарттарға наразы. Бұл мәселе жаңа өзгерістерді қарастыруға алып келді. Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге ұсынылған ереженің тұрғындарға қандай әсері болатынын, кемшіліктерді және нарықты реттеудің мүмкін жолдарын талдады.

30 мың риелтор бейресми жұмыс істейді

Ұлттық экономика министрлігінің тұспалды дерегіне сәйкес, делдалдық қызмет көрсететін заңды тұлғалар саны – 1 157, дара кәсіпкерлер саны – 1 636. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда «баспананы және басқа жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу және жалға беру кезіндегі делдалдық қызметтер» бойынша жалпы 4 875 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Бұл ресми және нақты емес нарық арасындағы алшақтықты көрсетеді.

PANA ұлттық риелторлар палатасының вице-президенті Әсет Айтпаев та бейресми жұмыс істейтін агенттер санын анықтау қиын екенін алға тартты.

– Қазақстанда ресми тіркелген және сенімді түрде жұмыс істейтін риелторлар саны – шамамен 2 мың адам. Олар – профильдік порталдарда алты айдан астам уақыт қызмет атқарып, құқықбұзушылықтары тіркелмеген агенттіктер мен мамандар.

Бейресми жұмыс істейтін агенттердің саны 25-30 мыңға жетуі мүмкін. Көпшілігі тіркелмей, келісімшартсыз немесе ауызша келісім арқылы қызмет көрсетеді. Салдарынан тұрғын үйді жалға алу мәмілелерінің 67 пайыздан астамы ресми келісімшартсыз жүзеге асады, – дейді ол.

Әсет Айтпаев шағымдардың үзілмейтінін жасырмады.

– Шағым саны жылжымайтын мүлік нарығының өсуімен бірге артып келеді. Соңғы үш жылда шамамен 1,5 миллион мәміле жасалған. Шағымдар саны мыңға жетті. Жиі кездесетіндері – келісімшарттық міндеттемелерді орындамау (риелтор нысан таппаған, бірақ төлемді талап етеді), клиенттің құжаттары мен кілтін жоғалту, мәмілелердің риелтордың кінәсінен бұзылуы, жасырын комиссиялар мен қосымша төлемдерді өндіріп алу, – дейді сала маманы.

Эксклюзивті келісімшарт құқықты шектеп отыр

Заңгер Нұрлан Жаңабаев риелторлардың заңсыз әрекетінен зардап шеккендердің көптігін айтты.

– Олар көп жағдайда эксклюзивті келісімшарт жасауға мәжбүрлейді. Мұндай құжатқа қол қойған клиент қызмет сапасына көңілі толмаса да, басқа маманға жүгіне алмайды, ал объектіні өзі сатса, ірі айыппұлға тап болады. Оны төлеуден бас тартқан жағдайда іс арбитраж сотына жіберіледі.Риелторлар қызметін тиісінше орындамаса да, сатушыдан немесе клиенттен сот арқылы ақы мен айыппұлдарды заңсыз өндіріп алу жағдайлары бар.

Сонымен қатар кей риелторлардың өзара сөз байласып, қызмет құнын негізсіз көтеретін фактілері тіркеледі. Хабарландырулардың басым бөлігін риелторлар жариялайтындықтан, тұрғындар қымбат қызметке амалсыз жүгінуге мәжбүр, – дейді маман.

Заңгердің сөзінше, Қазақстанда риелтор ұлттық классификаторға енбеген.

– АҚШ-та әр штат риелторларға нақты талаптар мен курстар белгілейді, сертификат алған соң ғана тізімге енгізіледі. Сондықтан Қазақстандаоны орта білім беру бағдарламасына қосу керек, – дейді ол.

Елорда тұрғыны Салтанат Нияздың тәжірибесі осы мәселелерді нақты мысалмен растап тұр.

– 1 жарым жыл бұрын үйімді сатуға қойған кезде агенттікке жүгіндім, келісімшарт үш айға жасалды, «көмектесеміз» деп уәде етілген. Келісілген уақытта мамандар пәтерді сата алмаған соң, риелторлық қызметтен бас тарттым да мекеме басшысына қолхат жаздым. Үш аптадан кейін өзім үйді саттым, ал агенттік содан кейін хабарласты. Олар көрсетілмеген қызмет үшін сотқа беріп, ақша төлеуді талап етті, – дейді қала тұрғыны.

Бұл жағдайдан кейін ол заңға жүгінгенін айтты.

– Адвокат жалдадым, өйткені заңсыздық деп ойладым. Үйді өз күшіммен саттым. Соған қарамастан бір жылға созылған сот процесінде жеңілдім. Келісімшартта барлық келіспеушіліктер арбитраждық сотта қаралады деп жазылған. Олардың барлық айыппұлын төлеуіме тура келді, – деді Салтанат Нияз.

Жаңа реттеу жүйесі қандай мәселелерді шешеді?

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков саладағы олқылықтар жақын арада жүйеленетінін айтты. Риелторлық қызмет міндетті өздігінен реттеу ұйымдары (ӨРҰ) жүйесіне көшпек.

– Үкімет риелторлық қызмет саласында міндетті өздігінен реттеу енгізу идеясын қолдады. Бұл шешім Ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды. Комиссия алты нұсқаны қарастырды, соның ішінде лицензиялар енгізу мүмкіндігі де болды. Алайда ең тиімді модель ретінде ӨРҰ жүйесі таңдалды. Сондай-ақ саланы қадағалайтын уәкілетті орган анықталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы функцияларды өз мойнына алады. Барлық стандарттар мен талаптар бір ведомство арқылы қалыптастырылады. Комиссия қорытындылары үкіметтің «Риелторлық қызмет туралы» заң жобасына енгізіліп, Мәжіліске ұсынылады, – деді депутат.

Құспеков жаңа жүйенің артықшылықтарына тоқталды.

– Заңда аккредиттелген ӨРҰ құрамындағы риелторлар ғана нарыққа жіберіледі. Бұл – маңызды қадам. Комиссияның шешімі көптен күткен реформаны іс жүзінде бастайды, – деді ол.

PANA ұлттық риелторлар палатасының вице-президенті Әсет Айтпаев сала өкілдері бастаманы қолдайтынын жеткізді.

– Біз риелторлардың бірыңғай тізілімін құруды, типтік келісімшарт енгізуді, этикалық кодекс пен тәртіптік жауапкершілік жүйесін бекітуді ұсынып келдік. Ұлттық мультилистингтік жүйе мен цифрлық құралдар алаяқтықты азайтып, нарықтың ашықтығын арттырады. Оған дәл осы ӨРҰ жүйесі көмектеседі, – дейді Айтпаев.

Олжас Құспеков заң алдындағы жауапкершіліктің күшейетінін айтты.

– Қазір компенсациялық қор құру, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру және тәртіптік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланып жатыр. Бірыңғай электрондық реестр құрылып, мәмілелер онлайн режимде бақыланады. Барлық қаржылық есеп-айырысулар банктік арналар арқылы жүргізіледі. ӨРҰ мен мемлекеттік органдар нарықты мониторингілей алады, ал азаматтар шағымын анонимді электрондық сервистер арқылы жолдайды. Стандарттардың орындалуын бақылауды ӨРҰ жүзеге асырады, – деді депутат.

Риелторларға оқудан өтуге, біліктілігін растауға және жаңа талаптарға бейімделуге мүмкіндік беріледі.

– Біліктілік критерийлері заңда және ӨРҰ стандартында айқын бекітіледі. Профильдік білім, кәсіби емтихан, оқыту бағдарламалары, жұмыс өтілі және тұрақты біліктілікті арттыру талап етіледі. Барлық процесс цифрлық ортада ашық жүргізілуі тиіс, – деді Құспеков.

Депутат жаңа жүйеде арбитрлер жұмысын жалғастыратынын, бірақ оларға талап күшейетінін жеткізді.

– Кәсіби дауларды ӨРҰ жанындағы салалық комиссияларға беру ұсынылады. Арбитрлер бекітілген регламент бойынша жұмыс істейді, шешімдеріне жауап береді, ал процесс кәсіби қауымдастық пен мемлекеттік органның бақылауында болады. Арбитрлерге қойылатын тәуелсіздік талаптарын күшейту және олардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселелері талқыланып жатыр. Бұл нормалар заң жобасында нақты көрсетіледі, – деді депутат.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа заң қабылданып, мемлекет нарықты реттесе, тұрғындардың риелторлар қызметіне қатысты туындайтын мәселелері азайып, мәмілелер ашық әрі қауіпсіз бола түспек. Сонымен қатар бұл шара ел бюджетіне түсетін салық көлемін арттыруға ықпал етуі мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!