Көлік жүргізгенде жүргізушілердің ұялы телефонға қарап отыруы — әлі де өзекті мәселелердің бірі. Бұл жайлы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова тағы да еске салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айта кетейік, ҚР Жол қозғалысы қағидаларында көлік жүргізгенде телефонды қолға алып, қарауға болмайтыны жазылған.
«Автокөлікті басқару кезінде ұялы телефонды қолдануға болмайды. Дауысұлғайтқыш арқылы не құлаққап арқылы ғана рұқсат етіледі», — деп жазылған талапта.
«Түскі формат» бағдарламасына келген Ақтоты Боранова «магнитке жапсырып қойып қарауға болмайды» деген қауесеттерді жоққа шығарды.
«Заңда: «ұялы телефонды тек қана дауысзорайтқыш арқылы немесе құлаққап арқылы қолдануға болады» деген. Ал енді осы жерде «магнитке жапсырып қойып, қолдануға болмайды» деген алып-қашпа әңгімелердің бәрін жоққа шығарғым келеді. Алдында магнитке жабысып тұрған телефонға қараса, ол құқық бұзушылық болып есептелмейді. Автокөлікті басқару кезінде, яғни жүргізіп келе жатқан кезде кез келген басқа нәрсеге алаңдауға болмайды. Соның ішінде ұялы телефон бар. Ұялы телефонды алып сіз хабарлама жазсаңыз, қолыңызға алып белгілеп, болмаса сөйлессеңіз, бұның барлығы құқық бұзушылық болып есептеледі», — деді Боранова.
Бір сәттік көңіл бөлудің өзі апатқа әкелуі мүмкін. Заң бойынша жүргізуші телефонды қолына алып сөйлессе немесе хабарлама жазса, бұл құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Ал арнайы hands-free жүйесі арқылы байланыс жасауға ғана рұқсат берілген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
