− Бала тәрбиесінің нақты ережесі жоқ екені белгілі. Бірі балаға еркіндік қажет десе, енді бірі ұл-қызының тәртіпті болғанын қалайды. Ата-аналар бала тәрбиесіндегі тепе-теңдікті қалай сақтағаны жөн?

− Бала тәрбиесінде  қаталдықтың да, еркіндіктің де шегі болғаны дұрыс. Бұл біздің оң және сол қолымыз секілді. Оң қолымыз біздің мейіріміміз, балаға білдірген ниетіміз бен жанашырлығымыз секілді әрдайым алға шығып тұрады және ол бірінші орында жүруі керек. Кейде сол қолымыздың да көмегі тиетіні тәрізді, қаталдық та болуы шарт. Айталық, балаға сабақ үйрету уақытында немесе таңертең ұйқыдан оятқанда болсын аналарға сәл қаталдық керек. Бірақ көп жағдайда анасы баласының ұйқысын қимай, кішкене демалсыншы деп еркіндік беріп жатады. Бірақ бұл баланың болашағына қаншалықты пайдалы? Бұрын ата-анамыз біздің түскі сағат 11-12-ге дейін ұйықтауымызға рұқсат бермейтін. Себебі бұл жердегі мейірім балаға кері әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір әрекеттің баланың болашағына қандай әсері бар деп өзімізге жиі сауал қойып отырсақ, қателеспейміз деп ойлаймын.

− Қазір бала психологиясына қатысты түрлі жаңа техникалар бар. Осы орайда ата-бабаларымыз ұстанған методика елеусіз қалғандай көрінеді. Сондықтан қазақы тәрбиенің қазіргі педагогикадағы маңызын толығырақ айтып беріңізші…

− Қазақы тәрбие − өте терең дүние. Біз көбіне қазақы деген сөзді естігенде әріге бармай, қуғын-сүргін жылдарындағы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерімен ғана шектеліп қаламыз. Одан әрірек Сырым Датұлы сынды батырлар заманына бойлайтын болсақ, ол уақыттағы тәрбие өте керемет болған. Отбасында, әулетте үлкен аналарымыз ақылшы рөлін атқарған. Сол кезде бір әулетке қарап бойжеткен қыздың мінезін, тәрбиесін таныған болса, қазіргі балаларды телефон тәрбиелеуде. Өкінішке қарай қазір отбасына, руына қарап ешкімді сынап, тани алмаймыз. Себебі анасы жақсы адам болған жағдайда да, қыздың тәрбиесі мүлде басқа болуы мүмкін. Бұл қазіргі ұрпақтың жалпы көрінісі, себебі олар әлеуметтік желі арқылы тәрбиеленуде. Еліктейтін ортасы да мүлдем басқа.

Қазақы тәрбиедегі ерекшелікке тоқталсам, Сырым Датұлы 6-7 жасында ел арасында маңызды саналған кейбір даулы мәселелерді өзі шеше алған екен.Ол кезде интернеттің жоқтығын, кітаптардың аздығын ескерсек Сырымның ел мәселесіне мән беру сыры неде деген сауал туындайды. Негізінде Сырым үлкендердің әңгімесін тыңдап өскендіктен осындай деңгейге жеткен еді. Үлкендер мен бала арасындағы байланыс өте маңызды. Бала жақсы әңгімелерді тыңдаған сәтте оның бойында  даналық пайда болады. Өкінішке қарай, біз айтатын күнделікті тірліктің әңгімелері баланы өсірмейді. Біз балаға қандай дүние айтсақ, ол соны құлағымен сіңіріп қана  қоймай, үлгі алып, тәрбиеленеді.

Тағы бір ескеретін маңызды жағдай, бұрын қазақтар баласы ынжық, тыныш болса оған жылқы бақтырған екен. Себебі жылқының темпераменті өте жоғары. Сол кезде бала қозғалып, піседі деген сөз. Ал бала тынымсыз, өте белсенді болса, оған қой бақтырған. Ата-бабаларымыздың бала тәрбиесіне жіті мән бергенін ұлттық ойындарынан, әртүрлі салт-дәстүрлерінен де анық көруге болады.  

− Баланың, әсіресе жасөспірімдердің дұрыс орта табуына ата-ана қалай ықпал ете алады?

− Балалар «мен мына балабақшаны таңдаймын, мына мектепте білім алғым келеді» деп таңдау жасай алмайтындықтан, бұл жауапкершілік ата-анаға жүктелетіні рас. Мүмкіндігінше балабақша немесе мектеп таңдаған сәтте мұғалімдердің баламен тіл табысуына мән берген жөн. Екіншіден, ата-атаның араласатын ортасы да өте маңызды. Олар кіммен жиі араласады, достары қандай? Мұның бәрі де баланың тәрбиесіне әсер етеді.

− Күйзелісте жүрген баланы қалай аңғаруға болады? Өтпелі кезеңде жасөспірімдер қандай мәселеге жиі кезігеді? Мұндай сәттерде балаға ата-анасы қалай көмектесе алады?

− Өкінішке қарай қазір күйзелісте жүрген баланың қатары көп. Көбіне өз-өзіне қол жұмсау факторы орын алған жағдайда ата-ана «менің балам бұлай жасауы мүмкін емес, ол өмірді жақсы көретін» деп айтып жатады. Бұл ата-анамен бала арасында рухани байланыстың жоқтығын көрсетеді. Мысалы, бала суицидке бірден бармайды, ол жылдар бойы жиналған күйзелістің, бірнеше рет ойланып, қадам жасағанның ықпалынан болады. Күйзелістің ең бірінші белгісі баланың қатты оқшаулануынан байқалады. Егер бала қоғаммен араласпаса, мүлдем досы болмаса оған бей-жай қарамау керек. Себебі жасөсірім шақта қарым-қатынас құру өте маңызды. Сол уақытта бала қоғаммен байланыс орната алмаса, онда стресс бар деген сөз. Екінші мәселе, баланың үйге кеш оралуы немесе таңертең ұйқыдан тұрғысы келмеуі. Бұл да баланың депрессия жағдайында екенінен хабар береді. Кейде ата-аналар баласының ешнәрсеге зауқы жоқ екенін айтады. Күйзелістің бұл белгілері әсерінен баланың денсаулығы нашарлай бастайды, себебі ішкі жан-дүниеміз біздің физикалық қабілетімізге әсер етеді. Мүмкіндігінше ата-ана баламен жиі әңгімелесіп, ішкі күйін білуге, бірге уақыт өткізуге көңіл бөлгені дұрыс.

− Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!