Жаңақорған ауданын бірнеше жыл басқарған Руслан Рүстемов фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жүрекжарды жазба қалдырды.

«Тағдыр маған Жаңақорған ауданына екі мәрте әкім болуға мүмкіндік жасады. Бұл мүмкіндік елмен етене араласуға, жерді тануға, ерінбей еңбек етуге ерік-жігерімді қанаттандырды, намысымды қайрады, халықпен мүдделес, жұртпен жүректес болуға жетеледі. Көппен кеңестім, елмен бірге есейдім, болашаққа берекелі іспен баруға талпындым.

Ең бірінші, ел өмірін, жер тарихын жақсы таныдым. Екіншіден, еңбеккеш елдің тіршілікке талпынған талабына тілектес болдым. Үшіншіден, дінге берік, ағайынға араша, көпке көмекші, ұғымдас, ұйымшыл халықты көрдім. Киелі жер, қасиетті орындарға құрметпен қарайтын қауымның қамқор, қоғамшыл қырын сездім. Қоғам және мемлекет қайраткері Сейілбек Шаухаманов «Сен бақыттысың, Жаңақорғанды Қыр мен Сыр деп атайды, яғни екі ауданды басқарып келесің» дегені бар. Табиғат та жылына төрт мезгіл өзгереді. Менің ауданға екі келгенім де табиғаттың түлеуі тектес тәжірибенің толысуына, іс-әрекеттің жандануына, ауданды басқару қызметінде серпін сыйлады, еңбекке екпін берді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деді.

Міне, осы бағытты басшылыққа алып, халықпен етене жақын жұмыс жасауға бел будым. Біздің бастамаларымыздың әділ бағасын беретін де халық, сынға алып, ширатып алатын да халық. Сондықтан әрбір ауылға бірнеше қайтара барып, олардың мұң-мұқтажын, ұсыныс-ескертпелерін назарға алып, ой-жоспарыммен бөлісіп, ашық ақылдастық құрдым. Ол жүздесулер нәтижесіз болмады, маңызды мәселелер тұрақты түрде шешімін тауып отырды.Жаңақорған ауданы облыстағы үлкен аумақ, перспективалы аудан. Жалпы уақыт алға озып, адамның жайлы өмір сүру салты қалыптасқан сайын жаңа мәселелер алдымыздан шығады.

Бұл – заңдылық. Біз мұның шешілу жолын табуымыз керек. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды үйлестіріп, инновациялық жобаларды көптеп жүзеге асыруымыз тиіс. Бұған ауданның потенциалы мол. Оған жер жағдайы да, өндіріс орындары да жетеді, бәрінен бұрын, елдің еңбекқорлығы мен ізденгіштігі шешуші рөл атқаратыны анық. Қиын күндер артта қалды, әрине қай кезде де уақыттың шегі болады. Енді сіздермен қимай қоштасуға тура келеді. Және үнсіз қалуға батылым бармады. Біршама іс жүзеге асқан екен, ептеп сіздермен бөліскенді де жөн санаймын. Мен үшін Жаңақорған ыстық, туған жерім Қармақшыдан бір мысқал кем емес, оның бір дәлелі – «Жаңақорған әуендері» атты республикалық композиторлар сайысын ұйымдастыруға ұйытқы болғанмын.

Көптен бері ой талқысына салып, Қарт Қаратау мен сұлу Сыр бойындағы әсемдігімен, сазды ән-жырымен ерекшеленетін Жаңақорған жерін ән құдіреті арқылы ұлықтау, келер ұрпақтың жадына лайықты ән-мұра қалдыру еді. Сол ой жүзеге асты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев төрелік еткен қазылар алқасы 40-қа жуық шығарманы тыңдап, нәтижесінде ақын А.Сопыбековтың сөзіне жазылған «Жаңақорған» әнімен У.Ибрагимов бас жүлдеге ие болды. Аламанға мен де қатыстым. Жергілікті сазгер Құлахмет Нәлтаев музыкасын жазып, сөйтіп Жаңақорған үшін жүректен шыққан жырымды арнап, алтын қорға қостым.

Алғашқы әкім болып келген 2015-2016 жылдары ауданда ауқымды жоба қолға алынды. Оның ең көлемдісі де, келелісі де Жаңақорған кентін газдандыру еді. Оған маңдай тер аз төгілмеді. Ақыры іс нәтижесін берді, халық оның игілігін көріп отыр.

Жобалық құны 11,8 млрд теңге болатын Талап және Сырдария топтық су құбырының құрылысы басталды. Бұл жобаларды іске асырудың нәтижесінде 28 елді мекен тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.«Ақбұлақ» бағдарламасымен «Түгіскен елді мекенінің ауыз су жүйелерін кеңейту және қайта құру» жұмыстары атқарылды.

Кейден және Жаңарық ауылдық округтеріндегі Жетітөбе және Р-22 каналдарын тазалауға 16 млн. 605 мың теңге бөлініп, тазаланды.2014 жылы басталған «Жаңақорған кентінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту, жайластыру» жобасы бойынша 23,9 шақырым тас жол салынып, 778 метр ВЛ-10кВ, 15 532 метр ВЛ-0,4 кВ электр желілері жүргізілді және 3 дана КТПН орнатылды.Аудандық бюджеттен 17 елді мекенге 25 дана трансформатор сатып алынды.

Мұнан бөлек 821 млн 944 мың теңгеге әлеуметтік нысан құрылыстары жүргізілді. Оның ішінде Талап станциясындағы 100 орындық №254 мектеп, Жаңақорған кентіндегі 250 келушіге арналған емхана, Түгіскен елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, Бесарық ауылындағы 150 орындық ауылдық клуб, Бесарық бекетіндегі 150 орындық ауылдық клуб, Жаңақорған кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы қолға алынды. Бүгінгі таңда құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Аудандық маңыздағы «Әбдіғаппар-Төлегатай-Хорасан ата» 15 шақырым, “Самара-Шымкент-Аққұм» 12 шақырым, автомобиль жолының құрылыс жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын жасау және мемлекеттік сараптамадан өткізу, «Самара-Шымкент-Кеңес» автомобиль жолын және су өткізу құбырын қалпына келтіру секілді бірнеше көше орташа жөндеуден өтті.Аудан орталығының келбетін айшықтайтын сәулеттендіру, көркейту шараларының аясында Жаңақорған кентіне кіре беріс қақпаға арка, қазақы дәстүр мен мәдениеттің элементтері бейнеленген ұлттық нақыштағы демалыс аллеясы салынды.

Жаңақорған ауданы өңіріндегі тарихи-мәдени және діни-рухани ескерткіштерді кеңінен насихаттау мақсатында бюджеттен тыс қаржы көздерінен «Туған жерге тағзым» атты деректі кинофильмнің түсірілімі жасалды.2015 жылдың маусым айында жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Дүкенбай Досжанның өмір жолын, шығармашылығын келешек ұрпаққа насихаттау және еске алу мақсатында облыстық деңгейде ұйымдастырылған салтанатты шарамызды Қызылорда қаласында өткіздік.

Мен мейлінше ірі-ірі жұмыстарға тоқталдым деп ойлаймын. Ал, ағымдағы жұмыс өз ырғағымен жүргізілуде.Өздеріңіз білесіздер, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырындағы Таңсық қыздың “Балталы, Бағаналы ел аман бол” деп басталатын қоштасуы ел арасында кең тараған. Сол қоштасу менің де басыма келді. Қиынға қимайтын қымбатты күндерім көңілімді күпті етіп отыр. Жүректегі сыр мен көңілде кетіп бара жатқан арманды айтқан жер – Жаңақорғаным жүрегімде жатталып қалмақ», – деп жазды Руслан Рүстемұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!