Күні кеше елордадағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде терезеде ілініп тұрған екі жастағы сәбиді ажалдан арашалап қалған Сәбит Шонтақбаевтың ата-анасына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хаты берілді.

Қызылорда қаласының тұрғындары Серік Сабырұлы мен Гүлбаршын Пірімбетоваға ҚМДБ Төрағасының сәлемін Сыр өңірінің бас имамы Болатбек Абуов жеткізіп, сый-сияпат табыстады.

«Ұлдарыңыз Сәбиттің кешегі кішкентай сәбидің өмірін аман алып қалған ерлігі баршамызды тәнті етті. Осындай елге пайдалы, қажет кезде жылдам шешім қабылдап, өзінің өмірін емес, өзгенің қамын ойлайтын азаматты өсіріп, тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге алғысымды білдіремін.

Сәбиттің ерлігі талайға үлгі болды. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Кім де кім бір адамның өмірін сақтап қалса, бүкіл адамның өмірін сақтап қалғанмен тең» деп баяндаса, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – басқаларға пайдалы болғандарың» деп қоғамға, халыққа пайдалы болу, өзінің мүддесінен өзгенің жағдайын жоғары қоя білу жақсылардың ғана қолынан келетінін меңзеген.

Ендеше елдің батасын алып, сый-құрметке бөленіп жатқан адамның ата-анасы да құрметке лайықты. Алла Тағала сіздерді екі дүниеде де сыйлы, абыройлы етсін! Әулетіңізге амандық, перзенттеріңізге береке тілеймін!» делінген Бас мүфтидің алғыс хатында.

Қоңыр тіршілік кешіп отырған Сәбиттің ата-анасы да перзенттерің арқасында кешеден бері елдің алғысына бөленуде. Ал бүгін Бас мүфтидің сәлемін қабыл алып, сый-құрметі үшін шексіз ризашылығын білдірді.

Қызылорда облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!