ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Константин Петров кезектен тыс президент сайлауында бірінші рет дауыс беретін сайлаушыларға сыйлық қарастырылмағанын айтты. Яғни бұл мақсатта қаражат бөлінбеген.
Оның айтуынша, Ортсайлауком тарапынан мұндай сыйлықтарға ешқандай қаражат қарастырылмаған. Десе де Петров БАҚ өкілдеріне өзінің алғаш рет сайлауға қатысқанда қандай сыйлық алғаны туралы айтып берді.
«Алғаш рет 18 жасымда дауыс бергенім әлі де есімде. Оның үстіне 18-ге толғаныма 3-4 күн өткеннен кейін дауыс бердім. Сайлаушылар тізімінде болдым және маған телефон нөмірлерін жазуға арналған қойындәптер сыйлаған еді. Кәдесыйға келер болсақ, өзінің сайлаушыларын білетін қандай да бір сайлау комиссиясы тосынсый жасауы мүмкін. Орталықтандырылған бюджет ондайға қарастырылмаған. Сайлау комиссиялары жеке бастама жасауы мүмкін әрі мұндай бастама міндетті емес», деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!