«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан қайырымдылық жобаларды жүзеге асыратын Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры Қызылорда облысында әлеуметтік, спорттық және мәдени инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға үлес қосып келеді. Қор жобалары қалалық ортаны жақсартуға және тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.
Қордың өңірдегі маңызды бастамаларының бірі – Қызылорда қаласында облыс әкімдігімен бірлесіп ашылған жаңа тарихи-мәдени музей. Аймақтағы ең ірі музей 250 мыңнан астам экспонатты қамтуға мүмкіндік береді және 12 залда өңір мен ел тарихының негізгі кезеңдерін таныстырады. Музейде заманауи цифрлық технологиялар мен интерактивті шешімдер енгізілген.
Мәдени нысандармен қатар спорт пен оңалту инфрақұрылымына да басымдық берілуде. Соңғы бес жылда Samruk-Kazyna Trust Қызылорда облысында жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 13 әлеуметтік жобаны іске асырды. Олардың қатарында үстел теннисі орталығы, «Қамқорлық» оңалту орталығы және спорт кешені бар.
Жобалардың нәтижелері «Қайырымдылық. Сенім. Серіктестік» есептік форумында таныстырылды. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Samruk-Kazyna Trust жобаларының қаланың дамуына қосқан үлесін атап өтті.
«Қордың бастамалары Қызылорданың келбетін жаңартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға тікелей әсер етіп отыр. Бұл – спорттан мәдениетке дейінгі салаларды қамтитын жүйелі әрі тұрақты даму үлгісі», – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!