Жасыратыны жоқ, соңғы онжылдықта өңірдегі жол құрылысы еселенді. Облыс орталығынан бөлек, шалғай ауылдарға жол жетіп, халықтың қалаға қатынауы біршама жеңілдеген. Күре жолдар мен кіреберістегі ескі сүрлеу асфальтқа айналып, көлік тізгіндеген жүргізушінің жүйкесін жұқартқан жол азабы азайды. Оған президенттің  пәрмені, Үкіметтің талабы сеп болса керек. Тіпті, Мемлекет басшысының өзі 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бергені бар.

Иә, тапсырма қалыс кетпейді. Содан болар, жыл толтырмай қаншама жоба жүзеге асты. Шақырымдап салынып, қайта жөндеуден өткен жолдың қатары көбейген. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға 36 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 569 шақырым автожол салынуда. Жыл соңына дейін жұмыс жүйелі жүрсе, аймақ жолдарының индикаторлық көрсеткіші 87,5 процентке жетпек. Бұл – қуанарлық деңгей.
Десе де салада мәселе аз емес. Әсіресе, жол сапасының сын көтермеуі, қыста қопарылып, жазда төңкерілетін «әдеттен арылмауы» олқылыққа бастауда. Мердігердің метрлеп өлшеген мөлшері құжатқа сай болмай, шикізатты талапқа сәйкес әзірлемеу әлі күнге бар. Халық мұның бәріне тоқтау қойып, тексеріс жүргізуді талап еткелі біршама уақыт өтті. Тек соңғы жылдары салада сең жүріп, арнайы мекеме құрылған еді. Ол – «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК.
Аталған мекеменің құрылғанына небәрі 4 жылға жуық уақыт болса да жол инфрақұрылымына айтарлықтай өзгеріс әкелді. Бұрынғыдай босаңсыған талап жоқ. Мекеме мамандары салынып жатқан немесе жөндеуден өткен автожолдардың сапасын сараптап, талап-ережесін екшейді. Жолдың жайын, яғни асфальттың қалыңдығынан бастап, құрамына дейін тексеріп, тиісті қорытынды шығарады. Көзбен көріп, қолмен ұстап емес, арнайы зертханалық әдіспен бүге-шүгесіне дейін байыптауға қауқарлы.
Бұған филиалдың материалдық-техникалық базасы кең мүмкіндік ашты. Жуырда мекеме ғимараты жөндеуден өтіп, зертхана қайта жасақталса, жаңадан 200-ден астам жол сапасын анықтауға қажетті зертханалық құрал-жабдық түгенделіпті. Соның нәтижесі болар, бүгінде мамандар 150-ден астам сынақ түрі бойынша сынама жүргізе алатынын мақтанышпен айтуға болатындай.

Сапа мен сан сәйкес келсе...

Тексеріс тәртіпке бастай ма?

Енді жабдығы сай мекеменің жұмыс көрсеткішіне келейік. Әрине, бағаны халық пен тиісті орган бере жатыр, біз қолда бар дерек пен нәтижеге назар аударуды жөн көрдік. Мәселен, өткен жылы филиал қызметкерлері жол жөндеу жұмыстарының сапасын анықтау мақсатында 15 нысанға тексеріс жүргізген. Нәтижесінде алынған 469 сынаманың 57-сі талапқа сай емес екені анықталса, аспаптық тексеру барысында 298 ақау табылған. Қызығы сол, олқылықтың басым бөлігі «Қызылорда – Жезқазған» бағытындағы автомобиль жолын жөндеу жұмыстарынан көрініпті.
Биылғы жұмыс та жемісті. Қазірдің өзінде республикалық маңызы бар жолдардағы 460 сынамадан сын тауып, 150 кемшілікті көрсетті. Жалпы, орталық қызметкерлері жыл басынан бері астыңғы қабаттың 2190 шаршы метрінен, жол жабындысының 11681 шаршы метрінен және инертті материалдардың 2259 тоннасынан ақау тапқан. Келген шығын да қомақты. 205 млн теңгеден астам қаражат желге ұшқан.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» тек тексеріспен айналыспайды. Талапқа сай жұмыс істемеген мекемеге ескертпе жасап, тиісті органды хабардар ету де құзырында. Мысалы, өткен жылы орталық 10 нысан бойынша облыстық бақылау жөніндегі басқармаға ұсыныс жолдаған. Нәтижесінде 1 техникалық қадағалаушыға 180 АЕК айыппұл салынып, 6 айға лициензиясы тоқтатылған екен. Биыл да 2 мердігердің жүйесіз жұмысы туралы хат басқарма басшысының алдында жатыр.

Сыбайластық сынға мін

Байқасақ, ел арасында жол инфрақұрылымына қатысты сын көп. Әсіресе, салада сыбайлас жемқорлықтың өршуі мен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің болатынын меңзейтіндер жетерлік. Тіпті, мұны мемлекет басшысы да баса айтып, «Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – деп тапсырма берген болатын. Сондықтан тексеріс пен талаптың орындалуының бірден-бір кепілі – сыбайлас жемқорлықсыз жүйе.
Бұл орайда «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК барынша ашық әрі тиімді алгоритмге сүйенуге бет алған. Олай дейтініміз, орталық www.kazroadlab.kad.org.kz сайт-бағдарламасын пайдаланады. Бағдарламаның ерекшелігі сол, алынған сынамалар туралы дерек тексеріс жүргізілген нысан басында-ақ енгізіледі. Кейін деректерді қайта өзгертуге немесе жоюға мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ құзырлы мекемелердің кез келген уақытта сайттағы қорытындыны қарауына жол ашылған.

Сапа мен сан сәйкес келсе...

Кадрды қайдан табамыз?

Расында, жол сапасын жақсартуды жолға қойған орталық оң нәтиже көрсетуде. Дегенмен сала мамандарының тынысын тарылтып, қолбайлау болған мәселесі жоқ емес. Оны-мұнысы түзеле жатар, бастысы – маман тапшылығы. Білікті кадр тапшылығы мамандардың тексерісті жүйелі жүргізуіне және сынама сапасының ойдағыдай шығуға тосқауыл болуда.
Аталған мәселе жыл өткен сайын күрделене түскен. Бүгінде орталық басшылығы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруды назарға алып, тіпті студенттердің тәжірибеден өтуін жолға қоймақ. Ол үшін студенттердің қабілетіне сай ақы беріп, арнайы бағдарлама шеңберінде зертханалық іс-тәжірибеге үйрету көзделген. Талап үдесінен шыққан шәкіртті кейін тұрақты жұмысқа алу жоспарда бар.
– Бұған дейін бірнеше студентті тәжірибеден өткіздік. Нәтиже жаман емес. Көптеген студент сапалы қызмет көрсету арқылы тұрақты жұмысқа қол жеткізді. Оған қоса мектеп оқушылары да назардан тыс қалмайды. Оқушылардың мамандыққа деген қызығушылығын ояту мақсатында арнайы «Екі мың мектеп» бағдарламасы жүргізілуде. Жыл сайын мамандар тобымен облыс мектептерін аралап, оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беріп келеміз. Бұл қадамдар маман тапшылығын шешуге септесері анық, – дейді орталық өкілі Мағжан Қасымхан.

P.S. Халықаралық агенттіктер мемлекеттің даму көрсеткішінің бір саласын жол инфрақұрылымының индикаторына телиді. Бұл жайдан-жай шығарылған тұжырым емес. Өндірістің өркендеуі, халықтың жайлы өмір сүруі, туризмнің түлеуі де тікелей жол сапасына қатысты. Себебі, шұрық-тесік, жамалған жолдан жағдай кететіні өз алдына, уақыт сұраусыз жоғалып, экономикалық пайда азаяры анық. Сондықтан «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» – жай тексеріс мекемесі ғана емес, халықтың сын-көзі әрі әділетті қоғамның бастауы.

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!