Фото: freepik
Конституциялық сот «Жол жүрісі туралы» және «Көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» заңдардың нормаларын Конституцияға сәйкестiгiн қарап, кейбiр нормаларды Конституцияға қайшы деп тапты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Конституциялық сот шетелде тұратын қазақстандықтардың құқықтарын қорғады.
Істің түйіні
Ресейде тұрақты тұрып, көлігін сонда тіркеген қазақстандық Конституциялық сотқа шағым түсірді.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты азаматтың өтініші бойынша Жол жүрісі туралы (65-баптың 1-тармағы) және Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы (10-баптың 5-2 тармағы) заңдарының нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеріп, қорытынды шешімін шығарды.
Бұған дейін шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматының басқа мемлекетте тіркелген көлігінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудан бас тартқан.
Оның өзінің көлігімен Қазақстанға кірудегі мақсаты спорттық жарыстарға қатысу және туыстарына бару үшін уақытша сипатта болғанына қарамастан, аталған нормалардың негізінде оның өзіне меншік құқығымен тиесілі автомобилінің халықаралық қозғалыстағы автомобиль ретінде танылмауы бас тартуға негіз болған.
Жол жүрісі туралы заңның 65-бабы 1-тармағына сәйкес «Қазақстан аумағы арқылы халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы» болып «Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам пайдаланатын көлік» саналады. Және де ол көлік бір уақытта мына үш критерийге сәйкес келуі керек: 1) тұрақты тұрғылықты жері немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан жері бар жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі болуы; 2) Қазақстан Республикасында тіркелмеген болуы; 3) Қазақстан Республикасына уақытша әкелінген болуы керек. Мұндай жағдай көлік құралының Қазақстанда бір жылға дейін тіркеусіз болуына мүмкіндік береді және уақытша әкелуге байланысты кедендік рәсімдерден (кедендік тазарту) босатады.
Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру туралы Заңның 10-бабы 5-2-тармағына сәйкес көлік құралдары иелерінің «жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде тіркелген (мемлекеттік тіркеуге жататын) көлік құралдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық жол жүрісінде болмайтын көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға жол берілмейді».
Заңдарда көрсетілген өзгерістер 2022 жылы тиісті тіркеусіз және кедендік тазартусыз бір жылдан астам мерзімге сенімхат негізінде басқа мемлекеттерден көлік құралдарын заңсыз әкелудің және оларды Қазақстан аумағында пайдаланудың алдын алу үшін қабылданды.
Енгізілген өзгерістер көлік құралының меншік иелері болып табылатын және оны Қазақстанға уақытша кіру кезінде жеке өзі пайдаланатын басқа мемлекеттердің аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты жеке тұлғалар тобының ерекшеліктерін ескермеген. Қалыптасқан жағдай көлік құралдары иелерінің мәртебесі мен тиесілігін ескермей, шетелде тұрақты тұратын кез келген адамға тиесілі көлік құралдарын халықаралық жол жүрісіне қатысады деп таныған сол кездегі қолданыстағы заңнамамен байланысты болды.
Сонымен қатар, енгізілген өзгерістер көлік құралының меншік иелері болып табылатын және оны Қазақстанға уақытша кіру кезінде жеке өзі пайдаланатын басқа мемлекеттердің аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты жеке тұлғалар тобының ерекшеліктерін ескермеген. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына жататын Қазақстан ратификациялаған Жол жүрісі туралы конвенцияға сәйкес (Жол қозғалысы туралы заңда осы Конвенцияны қолдануда алып тастау жоқ), көлік құралы ретінде мемлекеттен тыс тұрақты тұратын және оны осы мемлекетке уақытша әкелген жеке тұлғаға тиесілі болуына байланысты халықаралық жол жүрісіндегі көлік болып есептеледі және оның азаматтыққа қатысы жоқ. Жеке тұлғаның негізгі өмірлік мүдделері назарға алынған мемлекетте тұрғылықты жері (әдеттегі, тұрақты) фактісі басымдыққа ие болуы керек.
Конституциялық Сот мынандай тұжырымдарға келді.
Жол жүрісі туралы (65-баптың 1-тармағы) және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы (10-баптың 5-2-тармағы) заңдардың қаралған нормалары Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға және олар біздің мемлекетіміздің аумағында пайдаланатын уақытша әкелінген көлігіне қатыстылығы тұрғысында Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді. Аталған көліктің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша міндеттеме сақтандыру туралы заңның және Жол жүрісі туралы конвенцияның басқа нормаларына сәйкес сақталады.
Алайда, Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінген біздің елімізде тіркелмеген көлік мемлекеттен тыс жерде тұрғылықты жері бар қазақстандыққа тиесілі және ол көлікті Қазақстан аумағында жеке өзі пайдаланатыны тұрғысында заң нормалары Конституцияға сәйкес келмейді.
Қабылданған шешімге сәйкес заңнаманы жетілдіру бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар берілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!