Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Сауд Арабиясының Сұңқарлар клубы Қазақстанның «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ителгілерді табиғи ортасына қайтару іс-шарасын өткізді. «Haddad» халықаралық бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл бастама жойылып бара жатқан сұңқар тұқымдас құстарды өз мекеніне қайта орналастыруды және олардың табиғи өсім деңгейін арттыруды көздейді, деп жазады KAZINFORM ақпараттық агенттігі UNA-ға сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, «Алтын Емел» ұлттық паркі кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл аймақ ителгілердің ұя салу кезеңіне өте қолайлы, ашық ландшафты және қорек қорлардың молдығымен ерекшеленеді.
Іс-шара барысында Сауд Арабиясы Сұңқарлар клубы төрағасының орынбасары Ахмед әл-Хабаби бұл жобаның экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы маңызына тоқталды.
– Бүгінде ителгілер жойылып кету қаупі бар жабайы тіршілік иелерінің қатарына жатады. Осыған байланысты Сауд Арабиясының Сұңқарлар клубы «Haddad» бағдарламасын іске қосты. Біздің мақсатымыз – сұңқарлардың табиғаттағы тұрақтылығын қолдау. Бағдарламаның ішкі бағыты аясында біз шетелдік серіктес мемлекеттер аумағында ителгі мен лашын санын көбейтеміз, ал халықаралық бағытта Қазақстан сияқты елдерде ителгі мен сапсанды өз табиғи мекеніне қайта жерсіндіреміз, – дейді Сұңқарлар клубының төрағасы.
Қазақстандық тарап бұл бастаманы жоғары бағалап, екі ел арасындағы экологиялық ынтымақтастықтың маңызды қадамы екенін атап өтті. Қанат Бозымбаев Сауд Арабиясына табиғатты қорғауға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
– «Алтын Емел» қорығының аспанына қайтадан жан бітіріп, ителгілерді ұшырғандарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Бұл – сирек кездесетін құстарды жойылып кетуден сақтап қалуға бағытталған жомарттық пен қамқорлықтың белгісі. Бұл қадам келешек ұрпақ үшін баға жетпес сый болмақ, – дейді ол.
Өз кезегінде «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы Қуат Байтұрбаев та алғысын айтып, құстардың алдағы уақытта тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
– Біз Сауд Арабиясының Сұңқарлар клубымен бірлесе отырып, бұл құстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Резерват аумағында ителгілердің көбею процесін жіті қадағалап отыратын боламыз. Бұл игі бастаманың біздің қорықта жүзеге асқанын мақтан тұтамыз, – дейді Қуат Байтұрбаев.
Айта кетейік, салтанатты шараға Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшілігі, Ұлттық жабайы табиғатты дамыту орталығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Зоология институтының мамандары қатысты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!