SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде жазасын өтеп жатқан азамат мессенджерлер арқылы діни-радикалды материал таратқаны үшін тағы да қылмыстық жазаға кесілді.

Сот оның WhatsApp және Telegram қосымшалары арқылы қарулы әрекетке үгіттейтін және өзге дін өкілдеріне өшпенділік тудыратын видео мен мәтіндер жолдағанын анықтады.

Сараптама бұл материалдарда зорлық-зомбылықты ақтау және терроризмді насихаттау белгілері бар екенін растады. Сот үкімі Қылмыстық кодекстің терроризмді жария түрде және байланыс желілері арқылы үгіттеу бабымен шығарылды.

Айыпталушыға қатаң тәртіптегі колонияда 9 жыл жаза тағайындалды. Бұған бұрынғы үкімнің өтелмеген бөлігі қосылып, жалпы жаза мерзімі 10 жылға жетті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Белгілі болғандай, биылдың алғашқы алты айында елде терроризмді және экстремизмді насихаттағаны үшін 60-тан астам адам сотталған. Олардың ішінде бірнеше шетел азаматы да бар. Радикалды идеяларды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тарату негізгі тәсілге айналып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!