ҚР Парламенті Сенатының депутаттары М. Бақтиярұлы мен А. Әлназарова және облыстық мәслихат хатшысы Н. Байқадамов алдымен Жалағаш ауданында орналасқан «Агро Холдинг Қызылорда» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Сонымен қатар, аудандық шаруашылық басшыларымен және облыстық, аудандық мәслихат депуттарымен кездесті. Кездесуде «AMANAT» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты И. Шағыртаев, «AMANAT» партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Ә. Бекжанов т.б егінге байланысты тыңайтқыштар бағасының күрт өсуі мен субсидиялау, егістікті әртараптандыру және т.б мәселелер туралы ашық ой-пікір алмасып, әңгіме өрбітті.

Одан кейін, Жалағаш аудандық аурухана жұмысымен танысып, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыға салынды.

Бүгінде адамның өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Осы ретте денсаулық сақтау саласын нығайту кез келген мемлекеттік негізгі міндеті екені анық. Салаға көрсетілген қолдаудың нәтижесін аудан медицинасынан-ақ аңғаруға болады. 2020 жылы халыққа ең қажетті нысандардың бірі жаңадан салынған 100 төсектік аурухана пайдалануға берілді. Жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын жаңа ғимарат заманауи құрылғылармен жабдықталған. Аудандық аурухананың ашылуы көптеген аурулардың алдын алуда кездесетін мәселелердің түбегейлі шешілуіне мүмкіндік берді. 100 төсектік аурухана үш қабаттан тұрады. Аурухана құрылымына 1 терапия, 1 хирургия, 1 реанимация, 1 босану-гинекология, 1 балалар бөлімі, 1 асхана, 2 операциялық блок, қайта қалпына келтіру бөлімшелері кіреді. Аталмыш ауруханада 90 дәрігер, 432 орта буын қызметкер жұмыс істейді.

Іс-сапар Сырдария ауданында жалғасып, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары мен облыстық мәслихат хатшысы Сырдария ауданындағы «Углесбыт» ЖШС-нің күріш ақтау зауытына барды. Зауытта аудандық шаруашылық басшыларымен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады.                                                                                       

Сапар соңында, Шіркейлі ауылдық округіндегі апаттық жағдайдағы фельдшерлік-амбулаториялық пункттің жұмысын көрді. Бұл медициналық ғимарат «ҚайсарСтройЭксперт» ЖШС-нің мамандарымен берілген техникалық қорытындысына сай, аталған ғимаратты одан әрі пайдалану науқастар мен жұмыскерлердің өміріне қауіп тудырады және нысанды мақсатына қарай пайдалануын тоқтату ұсынылып, жағдайы төтенше деп тұжырымдалған.

Барлық көтерілген мәселелер жөнінде Парламент депутаттарына жазбаша анықтама беріліп, олар өз тараптарынан орталық билік органдарына сауал жасап,  мәселелердің шешімін табу бағытында жұмыстар жүргізетіндерін жеткізді.

Алдағы уақытта құрылыс мәселесіне байланысты Парламенттік тыңдау өткізіледі. Тыңдауға сәйкес, ағымдағы жылдың 25 наурыз күні, сағат 10:00-де қалалық мәслихатта Парламент депутаттарының қатысуымен құрылыс материалдарының қымбаттауы, жергілікті жердегі құрылыс саласындағы өзекті мәселелерге орай құрылысшылармен кездесу болады.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!