Фото: видеодан алынған скрин
KAZINFORM – Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина жаңа Конституция қабылдау мәселесін референдумға шығаруды ұсынды.
— Конституция жобасында Құрылтайды іштен ұйымдастыруға, оның ішінде ондағы комитеттер мен комиссиялардың қызметіне айрықша мән берілген. Олардың функциясын Конституция деңгейіне шығару Парламент жүйесін бекемдеуде маңызды қадам болады. Құрылтайдың комитеттері мен комиссиялары заңдарды әзірлеп, пысықтауда, сарапшылық қорытынды шығаруда, парламенттік бақылауда негізгі рөл ойнайды. Олардың мәртебесі мен өкілетін Конституцияда айқын бекіту заң шығары процесін ашық әрі сапалы етеді. Парламенттің бір палаталы болып өзгеруіне байланысты Комиссиялардың өкілеті де өзгертіледі. 59-баптың 1-тармағы бойынша, Құрылтай тұрақты комитеттерді құрады. Олардың саны Конституциялық заң мен комиссиялар арқылы айқындалады. 52-баптың 4-тармағында Құрылтайдың қызметін ұйымдастыру, ондағы депутаттардың құқықтық мәртебесі Конституциялық заңмен айқындалатыны белгіленген, — деді депутат.
Сондай-ақ, ол Конституцияның 59-бабының 3-тармағы бойынша, Құрылтайды ұйымдастыру мәселесінде, тұрақты комитеттердің саны мен қызмет бағыттарына байланысты шектеу жоқ екенін айтты.
— Жаңа Конституцияның жобасы өкілдік билікті күшейтіп, азаматтардың сенімін арттыруға, кемел парламенттік мәдениет қалыптастыруға бағытталған. Азаматтарымыздың Ата заң жобасына деген белсенді қызығушылығын ескере отырып, Конституция қабылдау мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығару туралы ұсынысқа қолдау білдіргім келеді. Бұл процедура халық егемендігі қағидатына сәйкес келеді және қабылданатын шешімнің айрықша маңыздылығын көрсетеді. Бұл Конституция жобасын қолдау арқылы біз оның іске асырылатынына және елдегі парламенттік жүйенің әрі қарай да дамитынына жауапкершілік арқалауға дайын екенімізді растаймыз, — деді Ольга Перепечина.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!