Өткен аптада Астана мәслихатының отырысында қаланың цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Дидар Сүлейманов бір айдан кейін «Сергек» жүйесімен арадағы келісімшарт тоқтайтынын мәлім еткен болатын. Azattyq Rýhy редакциясы әкімдікке ресми сауал жолдай отырып, Сергек камералары осы уақытқа дейін қанша айыппұл «жинағанын», ал жаңадан келетін инвестор қалаға тағы қанша камера орнататынын сұраған еді. 

Дәлірек айтсақ, редакция әкімдіктен ең алдымен «Сергек» жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Астана әкімдігінен қанша ақша, техникалық көмек алғанын сұрады. Біздің сауалдарымызға жауап берген Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық өз жауабында қаражат жағын қозғамаған.

«Басқарма «Астана қаласындағы фото-бейнетіркеу және бейнесараптау аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жоба аясындағы шартқа сәйкес «Көркем Телеком» компаниясына инвестициялық шығындардың өтемақысы, нысанды басқару үшін сыйақы және операциялық шығындары бойынша төлемдер қарастырылған», – деп жауап берген ол.

Анықталғандай, жобаға сай, қала жолдарында 700 аппараттық-бағдарламалық кешен, қоғамдық кеңістікте 4 мың бірлік жалпы бейнебақылау камерасы сондай-ақ, 3 мың бірлік бөгде камералары Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына біріккен екен. Келісімшарт бұзылғанына қарамастан, қолданыстағы бейнебақылау камераларын алып тастау қарастырылмаған.

«Керісінше, жүйе кезең-кезеңімен жаңғыртылып және кеңейтіліп, жаңа технологиялармен толықтырылады», – деп жауап берген басқарма өкілі.

Жалпы, ресми жауапта айтылғандай,  2017-2025 жылдар аралығында Сергек камералары Астанада 48 млрд теңге көлемінде айыппұл жинап берген.

«Салынған әкімшілік айыппұлдардың барлығы 100% жергілікті бюджетке түседі», – деп атап өткен басқарма өкілі.

Ал енді араб инвесторының жаңа жобасына тоқталсақ. Ол «Астананың қалалық инфрақұрылымын басқаруға арналған жасанды интеллект негізіндегі шешім» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы деп аталады екен.

«Жаңа жоба жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қарастырады. Жүйеге бейнемазмұнды автоматты түрде талдау, бұзушылықтарды тіркеу және әлеуетті оқиғаларды болжау алгоритмдері енгізіледі. Бұл қауіп-қатерлерді нақты уақыт режимінде анықтауға, бақылау дәлдігін арттыруға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқиғаларға уақтылы ден қою үшін қалалық қызметтердің Бірыңғай ахуалдық орталығы құрылады», – деп хабарлайды басқарма басшысының орынбасары.

Дереккөзге сүйенсек, араб инвесторы Астанаға 10 000 заманауи бейнемониторинг камерасын орнатады.

«Вокзалдарда, станцияларда және басқа да қоғамдық орындарда 35 түрлі бейнеаналитика жүйесі бар 5 000 сыртқы камераны интеграциялау, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің 15 түрлі бұзушылығын тіркейтін 502 жаңа аппараттық-бағдарламалық кешенді орнату жоспарланған. Сонымен қатар, қолданыстағы инфрақұрылым жаңарады», – деп хабарлайды басқарма басшысының орынбасары.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!