KAZINFORM — Жыл басында «Сергек» елордадан кетіп жатқаны, қаладағы камераларды БАӘ компаниясы басқаратыны хабарланды. Осы орайда Астана әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарға түсінік берді.
Жыл басында Астана цифрландырудың жаңа кезеңіне қадам басты, «Smart City Astana» жобасы іске қосылды. Оның мақсаты – жасанды интеллект технологияларының көмегімен қаланы қауіпсіз, қолайлы және заманауи ету. Аталған жобаның технологиялық серіктесі ретінде әлемнің түрлі елдерінде осындай жобаларды жүзеге асырып жүрген Біріккен Араб Әмірліктерінің «Presight AI» халықаралық компаниясы таңдалды. Елордада Қазақстандағы алғашқы Ситуациялық орталық пайда болады. Бұл орталық камералардан, датчиктерден, көлік жүйелерінен және коммуналдық қызметтерден алынған деректерді біріктіріп, оқыс оқиғаларды автоматты түрде тіркеп, жедел қызметтердің оқиға орнына тез жетуін қамтамасыз етеді, – делінген Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінде.
Жыл соңына дейін қалада 20 мыңнан астам жаңа камера орнатылады, олардың ішінде мектептерде, әлеуметтік нысандарда және тұрғын аудандарда да пайда болады. Жүйе жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын, жол-көлік оқиғаларын және басқа да жағдайды анықтап, полиция мен жедел жәрдемге, сондай-ақ коммуналдық қызметтерге жедел әрекет етуге көмектеседі.
Атап айтқанда, барлық дерек пен бақылау Қазақстанның мемлекеттік органдарының құзырында қалады. Presight компаниясы жобаның технологиялық негізін қамтамасыз етіп, жүйелерді интеграциялаумен айналысады. Нәтижесінде, Астана Орталық Азияда жасанды интеллект шешімдерін толыққанды енгізуге арналған экожүйе құрылып жатқан алғашқы қала болады, – деп аталып өткен әкімдік ақпаратында. https://kaz.inform.kz/news/sergektn-ornina-baa-kompaniyasinin-kelu-bakilau-kmderdn-kuzirinda-boladi-daaa63/
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!