Астанада мемлекеттік төңкеріс пен терактіні дайындаған азамат бұрынғы тәртіп сақшысы болып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Астана соты терроризмге қатысты қылмыстық істің мән-жайын анықтады.
Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, сотталушы ішкі істер органдарының қызметкері болған, бірақ сонымен бірге тыйым салынған уағызшылардың лекцияларын тыңдаған.
“Ш. ішкі істер органдары қызметкерінің қабылдаған антын бұза отырып, билікті күштеп басып алуға және елдің Конституциялық құрылысын өзгертуге бағытталған қылмыстық ниетте болған. Ол наразы адамдар тобын жинау үшін пікірлестерді іздей бастады. Ш. өзінің радикалдық террористік идеяларын насихаттап, куәлерді 2022 жылғы 17 мамырда Астанада заңсыз митингіге қатысуға үндеген. Содан кейін шет мемлекеттің елшілігі ғимаратында және мемлекеттік орган ғимаратында террористік акт жасауға, жаппай тәртіпсіздіктерді туғызуға, елдегі билікті күшпен басып алып, шариғат тәртібін орнатуға шақырды”, – делінген ақпаратта.
Іс бойынша үкім қазан айының соңында шыққан, сотталушы апелляциялық шағым түсірген. Нәтижесінде, желтоқсан айында үкім заңды күшіне еніп, қалалық сот алқасы оны өзгеріссіз қалдырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!