Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет екі мемлекеттік қызметшінің жұмысында заң бұзу фактілерін анықтады. Нәтижесінде екі шенеунік әкімшілік жауапкершілікке тартылды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қарағанды облысының Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары тарапынан кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау фактісін анықтады.

«Кәсіпорын кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты аталған лицензияның қолданылу мерзімін ұзарту үшін басқармаға жүгінгені анықталды. Кәсіпорын қаржылық және келісімшарт міндеттемелерін тиісінше орындаған. Алайда, Қарағанды облысының Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары кәсіпорынның тиісті құжаттарын ұзартудан себепсіз бас тартқан», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі.

Сотта басқарма басшысының орынбасары өз әрекетімен кәсіпорынның кәсіпкерлік қызметпен айналысуына нақты кедергі келтіргені анықталды.

Осыған байланысты, ол кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 173-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандары РМК филиалының басшысы кәсіпкерлік қызметпен айналысқанын анықтады.

Ол өз атына ЖК тіркеп, ЖШС құрылтайшысы бола отырып, қызмет көрсетуге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан.

«РМК филиалының басшысы кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 154-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл толық көлемде төленді», – деп толықтырды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақылы қызметпен айналысуға тыйым салынады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!