Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform
KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан аумағына автомобиль, су және теміржол көлігімен бидай әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» бұйрық әзірледі. Құжат «Ашық» НҚА порталында жарық көрді.
Құжатта ел аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен автокөлік, су көлігі және теміржол арқылы бидай әкелуге 6 айға тыйым салынатыны жазылған.
Десе де бидайды теміржол көлігімен өндіру және тұтыну мақсатында құс шаруашылығы және ұн тарту кәсіпорындарына әкелуге рұқсат бар. Құжатта көрсетілгендей, осы мақсатта әкелінген бидай ішкі және сыртқы нарықта сатылымға шығарылмайды.
«Бұл тыйым Қазақстан аумағынан тыс жерлерде басталатын және аяқталатын теміржол транзиттік тасымалы аясында ел аумағына әкелінетін бидайға әсер етпейді» — делінген бұйрықтың мәтінінде.
Құжаттың түсіндірмесінде 2023 жылы 17,1 млн тонна дәнді дақыл жиналғаны, оның ішінде 12,1 млн тонна бидай бар екені көрсетілген. Өңдеу және экспортқа жөнелту көлемін ескере отырып, 2024 жылдың 1 наурызында дәнді дақыл 11,5 млн тоннаны құраған.
«Азық-түлік корпорациясы 350 мың тонна жемді тікелей сатып алуды жүзеге асырды. Осылайша, ішкі нарықта азық-түлік және жемнің жеткілікті қоры бар. Сонымен қатар Ресейден астықтың қосымша түсімі жалғасып жатыр, бұл ішкі нарықтағы сұраныстың және бағаның төмендеуіне әкеледі» – делінген құжаттың түсіндірмесінде.
2023 жылы Ресейдің бидай импорты 1,9 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы деңгейден 31%-ға артық (1,46 млн тонна), оның негізгі көлемі жұмсақ бидай — 1,8 млн тонна (1,39 млн. тонна немесе 31%).
Ал, ҚТЖ деректері бойынша 2024 жылдың қаңтар айында Ресей Федерациясынан темір жол арқылы 174 мың тонна бидай әкелінді, бұл 2022 жылғы деңгейден 35% – ға көп.
2023 жылы Ресей Федерациясынан бидай импорты 1,9 млн. тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы деңгейден 31% – ға артық (1,46 млн.тонна), оның негізгі көлемі жұмсақ бидай-1,8 млн. тонна (1,39 млн. тонна немесе 31%).
Сондай-ақ құжатта жазда су көлігі арқылы 29 мың тонна бидай әкелінгені көрсетілген. Бұл ішкі нарықта ресей бидайының көлемін арттырып отыр.
Импорттың өсуі бидайды сату мәселесін одан әрі ушықтырғаны байқалған. Астықты сату нарығының болмауы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қаржы жағдайының нашарлауына алып келеді, бұл 2024 жылғы егіс науқанының бұзылуына әкелуі мүмкін. Сол үшін бұл шара егіс науқанының бұзылмауы үшін іске асырылмақ.
Бұйрық жобасы 2024 жылдың 26 наурызына дейін көпшілік талқысына шығарылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!