Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы Қызылорда облысында да жүйелі түрде іске асырылуда. Жоба ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдап, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға серпін беріп келеді.
Мәселен, Шиелі ауданында 2023 жылы жалпы құны 548,1 млн теңгені құрайтын 75 жоба, 2024 жылы 211,4 млн теңгені құрайтын 29 жоба, 2025 жылы 208,6 млн теңгеге 31 жоба қаржыландырылды.
Аудан кәсіпкерлері түрлі бағыттарда жобаларын сәтті жүзеге асыруда. Оның бір мысалы – Мұрат Исабековтың «Жылыжай» жобасы. Ол4,5 млн теңге несие алып, қияр өсіретін жылыжай шаруашылығын дамытып отыр. Кәсіп иесі өнімін жергілікті кәсіпкерлерге жеткізуде. Ал Мәлік Болатұлы Медетбек басқаратын ЖК «Сая» 7 млн теңге несие алып, гидропоника әдісімен құлпынай өсіру ісін қолға алды.
ЖК «Табиғат» басшысы Табиғат Жүзімов 9,2 млн теңге несие алып, құрылысқа арналған қабырға блоктарын өндіруді бастап кетті. Бүгінде ол тәулігіне 2000-2500 дана блок шығарып отыр. Сонымен қатар, ЖК «HONEYMOOD-Балдай» кәсіпкері Жансая Әбдіғалымқызы Имантаева 7 млн теңге несие алып, тамақ өнеркәсібі саласында күн сайын 300 кг-ға дейін тәтті өнімдер өндірумен айналысуда.
Бұл жобалар ауыл халқының белсенділігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті өндірістің дамуына жол ашып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!