Фото: ШҚО ақпарат орталығы

KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы зауыттың жұмысын соттың заңсыз тоқтатқаны анықталды. 

Глубокое ауданының прокуратурасы елдегі жылу оқшаулағыш материалдарын шығаратын негізгі зауыттардың бірі болып саналатын «ПТК «IZOTERM» ЖШС құқығын қорғады. Онда барлығы 300-ге жуық адам жұмыс істейді. 

«Полиция органдары «Дәрмек» жедел алдын алу шарасы аясында аталған серіктестікке тексеру жүргізген. Сол кезде сапаны бақылау бөлімінің зертханасында жұмысшылардың нашақорлық, улы заттарды қолдану, созылмалы алкоголизм аурулары бар-жоғы туралы дәрігердің қорытындысы жоқ жұмысшыларды мекемеге қабылдауға қатысты бұзушылықтар анықталды. Осы факті бойынша биылғы сәуір айында Глубокое аудандық сотының қаулысымен «IZOTERM» ЖШС-не ӘҚБтК-нің 427-бабы 1-бөлігімен айыппұл салынып, кәсіпорынның қызметі бір айға тоқтатылған», – деп хабарлады ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметінен. 

Іс материалдарын зерделей келе, аудан прокуратурасы соттың ЖШС қызметін тоқтату туралы қосымша жазаны заңсыз қолданғанын анықтады.

«Сот бүкіл кәсіпорынның емес, бұзушылықтар анықталған зертхананың қызметі тоқтатылу қажеттігін ескермеген. Соттың заңсыз шешіміне Глубокое ауданының прокуратурасы апелляциялық өтінішхат енгізді. Ол облыстық сот алқасының қаулысымен қанағаттандырылып, «IZOTERM» ЖШС қызметінің тоқтатылуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп тұр», – делінген ақпаратта.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!