Sputnik. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ұлтаралық алауыздықты қоздырған ер адам 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдікті Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі (ұлтаралық алауыздықты қоздыруға және насихаттауға бағытталған қасақана әрекеттерді жасау) бойынша айыпталды.

«Д. 2025 жылдың сәуір айында өзінің үйінде онлайн-платформаны пайдалана отырып, «Ч…» әлеуметтік желісінде «стрим» тікелей эфиріне қатысып, ұлтаралық алауыздықты қоздыруға және насихаттауға бағытталған қасақана әрекеттер жасаған», – делінген хабарламада.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді.

Прокурор сотталушы Д.-ға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады.

«Д. кінәсін мойындап, өзіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза кесуді сұрады», – дейді соттың баспасөз қызметі.

Сот Д.-ның жасаған іс-әрекетіне өкініш білдіруін қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот Д.-ны ҚК-нің 174-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!