Ол қару-жарақ дүкенін тонап, көшедегі адамдарға оқ жаудырған. Ақпан айында шымкенттік полицейлерді аяғынан тік тұрғызған 50 жастағы сотталушы енді 15 жылын абақтыда өткізеді.
Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейде абайсызда адам өлтіргені үшін жазасын өтеп шыққан ол еліне емес, Шымкентке келген. Бірнеше ай жалданып жұмыс істеп жүріп, ақша жетпей, банк тонамақ болыпты. Арам ойын жүзеге асыру үшін танысынан қарыз алып, 200 мың теңгеге аңшы мылтығын сатып алған. Ұңғысын кесіп шолақ мылтыққа айналдырған ол банкті тонау үшін автомат керек деген ой түйеді.
Қару сататын дүкенді тонауға барғанда күзетшілер кедергі келтірген. Сонда да сытылып шығып, екі адамды жаралаған қаскөй полиция көлігімен із жасырмақ болған. Бірақ алысқа ұзай алған жоқ. Өз кінәсін толық мойындаған Өзбекстан азаматы бес бірдей баппен айыпты деп танылды.
Шымкент қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Самидин Теміралиев: «Оған түпкілікті Қылмыстық кодекстің 58-бабы 4-бөлігін қолданып, жазаны ішінара қосу жолымен түпкілікті 15 жыл мерзімге жаза тағайындалды. Қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде, Қазақстанда жазасын өтейді», – деді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!