Фото: Іnstagram.com/michelle.jozef
Астанада Silk Way Star атты алғашқы азиялық музыкалық жобаның финалы өтті. Моңғолиядан келген Мишель Джозеф байқаудың жеңіспазы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өз көрерменін жинап үлгерген музыкалық байқаудың жеңімпазын әнші Димаш Құдайберген жариялады.
Мишель Джозеф — танымал моңғол әншісі әрі әндердің авторы. Ол шығармашылығында дәстүрлі созылмалы әндерді поп, R&B және фанк элементтерімен үйлестіріп, моңғол және ағылшын тілдерінде орындайды.
Silk Way Star жобасында Мишель түрлі бағытта өнері көрсетті:
- Uptown Funk сияқты энергиясы жоғары композицияларды орындады;
- Вокалды ұлттық әуезбен үйлестіре отырып, қытай тілінде ән айтты;
- Дәстүрлі моңғол киімінде Altan bogdiin shil әнін орындады;
- Қазақ мәдениетіне құрмет көрсетіп, қазақтың халық әні «Қараторғайды» шырқады.
Silk Way Star жобасының финалы Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді. Сонымен қатар шоу Әзербайжандағы Space TV, Тәжікстандағы “Сафина”, Қырғызстандағы “Музыка” және “Маданият”, Моңғолиядағы UBS және “АИСТ Глобал”, Өзбекстандағы Zor TV, Грузиядағы Georgian Times телеарналарында да көрсетіліп жатыр.
Финалда жеті әнші өнер көрсетті. Олар: Язмин Азиз (Малайзия), Мадинабону Адылова (Өзбекстан), Мишель Джозеф (Моңғолия), Автандил Абесламидзе (Грузия), ALEM (Қазақстан), Саро Геворгян (Армения) және Чжан Хэ Сюань (Қытай).
Бірінші маусымның жеңімпазы аралас жүйе бойынша анықталды: 50%-ы — қазылар шешімі, 50%-ы — онлайн дауыс беру нәтижесі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!