Парасаты мен пайымы әр сөзінен көрініп, бойынан төгіліп тұратын бабалар «Отан – отбасынан басталады» дейді. Адам баласына алыста жүрсе де жүрегінде бірге өмір сүретін ең құнды қазынасы – отбасы болса, ер азаматтың еңсе тіктеп, болашағын жоспарлайтын, әйелдің ырысты еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін, балалардың береке мен мерекеге толтыратын қасиетті мекені – шаңырақ. Қандай бастама болмасын еркін, жайлы баспанада іске асып, өмірдің жалғасы балалардың қауіпсіз, өз үйінде өскеніне не жетсін?! Тіпті, бақытты балалық шақ, ерекше естеліктер мен құт-берекенің де баспананың ішінде өрбитіні, кейде көшуді жоспарлаған көп адамның өз үйін тастап кете алмайтыны қалыпты дүние.

Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламаның арқасында баспаналы болып, тіпті, қарапайым кезек арқылы да жаңа үйге қол жеткізген жандар аз емес. Қызылорда қаласындағы сол жағалаудың жаңа тұрғындары – соның айғағы. Жыл санап жаңа үйлер саны артқан сайын, мұнда көшіп келген, баспана кезегі келіп, қолына кілті тигендер қатары көбейіп жатқаны жағымды жайт. Осы орайда сол жағалаудағы көпқабатты жаңа үйлердің бірінде тұратын отбасылар жайлы сөз қозғаймыз.

Өнер қуып, ой түзеген

Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім бала өмірінің іргетасы болмақ. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні» де рас. Сол жағалауда тұратын, ән өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жүрген Мақсат Мақұлбековтің отбасы – ел сүйсіне қарайтын, көпке үлгілі шаңырақ. Мақсат Қазанғап атындағы музыкалық колледждің «Ән салу» бөлімінде, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетованың сыныбында оқыған. 2009 жылы аталған өнер ордасын үздік бітіріп, сол жылы музыка өнерінің қарашаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына қабылданады. Мұнда ол белгілі ұстаз – Қазақстанның халық әртісі, профессор Ғафиз Есімовтің шәкірті болды. Консерватория қабырғасында жүріп-ақ халықаралық, республикалық вокалистер конкурсының лауреаты атанған Мақсат композиторлар одағының мүшесі А.Райымқұлованың жетекшілігімен «Аңсар» вокалды тобын құрады да сол сәттен бастап оның ән шырқауына, өнер әлеміне енуіне даңғыл жол ашылады. Осылайша өзінің сазды әнімен, күміс көмей дауысымен көптің көңілінен орын ала бастайды.

Кәсіби білімін біліктілікпен ұштастыруды жөн санаған азамат 2015 жылы әнші, композитор Медеу Арынбаевтың тәлімгерлігімен «Қазақстан дауысы» жобасының финалына дейін жетіп, үздік өнер көрсетті. Консерваторияны бітірген соң Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке қабылданған. Мұнда бес жылдай уақыт аралығында опера әртісі ретінде қызмет атқарып, ауқымды рөлдерде Нұржамал Үсенбаева, Венера Алпысбаева, Майра Мұхамедқызы сынды қазақ операсының майталмандарымен бірге бір сахнада өнер көрсеткен.

Өнерді өмірінің бір бөлшегі деп білетін ол 2016 жылдан бастап Қызылорда облыстық филармониясы Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінде камералық оркестр солисі қызметін атқарып келеді. Өнер ұжымымен бірге Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінде гастрольдік сапарда болып, Сыр елінің, қазақтың классикалық өнерін насихаттауға өз үлесін қосып жүр. Қазіргі таңда өнерпаз азамат Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Ән салу» бөлімінің І санаттағы ұстазы. Сонымен бірге 2016 жылдан бастап облыстық филармонияда да қызмет атқарып келеді. Жетістіктері де аз емес. Мәселен, 2018 жылы «Қызылорда қаласына – 200 жыл» мерекелік медалімен наградталса, сол жылы Түркия мемлекетіндегі TURKSOY ұйымының «Алғыс хатын» иеленген. 2019 жылы мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін «Қазақ мәдениетінің қайраткері» құрметті атағы берілді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Мақсаттың өнерге келуіне ата-анасының ықпалы бар. Әкесі Нұрлан Мақұлбеков – шаруа адамы. Анасы Карима Шоңғараева да өнерден алыс емес. Қазіргі таңда зейнетке шыққан олар – 3 немеренің ата-әжесі.

«Үш ұлымыз бар. Мейіржан №3 гимназияда 7 сынып оқиды. Бос уақытында бокс және футболмен шұғылданады. Оқуда да үздік. Екінші ұлым Мирас – Orda school мектебінде 2 сынып оқушысы. Ол да сабақтан тыс кезде таеквандоға қатысады және «Бегімай» өнер орталығында вокалдан білім алып жүр. Әнді, өнерді жақсы көреді. Үшінші ұлымыз Айдар 6 айлық. Жарым екеуміз балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға тырысамыз. Үйірмеге бермес бұрын неге қызығатыны, нені жақсы көретіні маңызды. Еркінен тыс, біздің ізімізді жалғап, өнер жолына түссін деуден аулақпыз. Бәрі де өз қалауымен барып жүр», – дейді Мақсат Нұрланұлы.

Өнерлі отбасының келіні, Мақсаттың жары Ұлдана Бейсенова – әнші, ұстаз. Ұлдана да Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжін бітіріп, кейін жоғарғы білімді Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық университетінде жалғастырған. Қазір ол Астрахань консерваториясының 2 курс студенті. Мамандығы – хорда дирижерлау. Кәсіби білімін шыңдап, үздіксіз ізденісте жүруді құп көретін ол оқумен қатар педагогикалық колледжде ұстаздық етуде. Үш ұлдың ата-анасы, бір отбасының ұйытқысы боп жүрген Мақсат пен Ұлдана отбасылық дуэт ретінде талай кештің көркін қыздырып, махаббат пен өнер алаңында қол ұстасып, жұп жазбай келеді.

– Өткен жылы ораза айы – мамырда сол жағалаудан үйлі болдық. Қуанышымызда шек жоқ. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құжат дайындап, ипотека арқылы көпқабатты жаңа үйден 3 бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Үйдің жағдайы жақсы, іші жылы. Ең бастысы берекелі баспана болғай. Үш ұлымыз бен ата-енем, жолдасым үшін жақсы жаңалықтар мен қуанышты хабар алып келетін, құтты шаңырақ болсын деген ниеттеміз, – дейді Ұлдана Бейсенова.

Сол жағалаудың тұрғындары: "Бір салада қызмет етудің артықшылығы көп"

Антына адал ақхалаттылар отбасы

Адам жанына араша түсіп, қиналғанда шипагер болатын ақхалатты абзал жандардың еңбегі қашан да елеулі. Қандай қиын сәттер мен ауыр жайттар орын алса да дәрігерлер өз ісіне мұқият болып, елеусіз көрінетін кішкентай дүниеге мән беру арқылы адам жанын сақтаудан жалыққан емес. Адамзат пайда болғалы қанша дәуір мен өркениет алмасса да, дәрігерлердің Гиппократ антына адалдығы сол күйінде. Сан қилы қиындығы бар, қыр-сыры көпке мәлім бола бермейтін медицина саласында қызмет етіп, өңір тұрғындарының дені сау, өмірінің салауатты болуына өз үлесін қосып жүрген Қалтаевтар – сол жағалаудағы дәрігерлер отбасы.

Мұстафа Қалтаев Шиелі ауданы Досбол би ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң 2010 жылы Қызылорда мемлекеттік жоғары колледжіне емдеу ісі мамандығына оқуға түскен. Білім ордасында жүріп, тағдыр қосқан болашақ жары Айман Ерболатқызымен танысады. Ол аталған колледжді 2016 жылы бітіреді. Осылайша кәсіби ортада білім алған қос дәрігер 2014 жылы шаңырақ құрады. Медицина саласын тәмамдағанмен, ізденуден талмаған жұп 2015 жылы шығыстық медицинаны кеңінен зерттеп, қарай бастайды.

Фельдшерлікпен тоқталып қалмай шығыс медицинасын да кәсіби түрде оқып алған Мұстафа мен Айман 2013 жылы қала ішінен отбасылық жеке клиника ашады. Ине салу, алтын ине, хиджама арқылы ағзаны тазарту сынды емдік шараларды жүргізетін «Жадыра Таспамбетова» серіктестігі бүгінде шипа іздеген науқастарды шығыстық тәсілмен емдеуде. Мұстафа Тұтқабайұлының айтуынша, клиниканың атауын әжесі Жадыра Таспамбетованың құрметіне қойған.

 «Әжем Жадыра Есенәліқызы 32 жасында Социалистік Еңбек Ері атанды. МТЗ-50 маркалы «Белорусь» тракторымен Ыбырай Жахаевтың егіс даласында көктемде күріш себу, дәрі себу, күзде күріш тасу, қыста малшы ауылдарға жем-шөп тасу жұмыстарына белсене араласқан еңбекқор кісі. 1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясы әжем мен атамның еңбек жолы туралы «Махаббат тарихы» атты деректі фильм түсірген. Жадыра Таспамбетова жайлы Х.Ерғалиев «Қыз-хисса» поэмасын, М.Айтхожина «Қос ана» поэмасын, М. Күлімбетов «Жоқ, мен ораламын» очеркін жазған. Әжемнің қиындық пен құрметке толы еңбек жолы, тағдырға мойынсұнбаған қайсар мінезі, еткен еңбегі, отбасына төккен мейірімі – ұрпақтарына ғана емес, барша қазақ жастарына үлгі. Ата-әже жолын жалғап, еңбектенуден, адал жүруден танбаймыз», – дейді ол.

2020 жылы клиника жұмысын өркендетіп отырған жарасымды жұп «Көпбалалы ең жас кәсіпкерлер» атанғанын айту керек. Мұстафаның ата-анасы да – еңбекқор жандар. Әкесі Тұтқабай Кейқуатов пен анасы Гүлжанат Манабаева елдің болашағы – саналы, сапалы ұрпақты қалыптастыруда тынымсыз еңбек етіп, «адамдық дәнін» егуді мақсат еткен ұстаздық жолда. 30 жыл бойы дамылсыз бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан ұстаздар бүгінгі таңда Мұзафар, Мұстафа, Әсия, Иманғали, Айзере есімді балаларынан 9 немере сүйіп, үлгі көрсетіп отырған ата-әже. Мұстафа пен Айман да – олардың ізін жалғаған көпбалалы ата-ана.

– Шүкір, жолдасым екеуміздің Айбике, Айша, Хадиша, Ұлбике есімді 4 қызымыз бар. «Балалы үй базар» деген сөз бекер емес. Отбасымыздың сәні де, болашаққа жауапкершілік арттыратын мәні де – осы төрт балапанымыз. Қызым Айбике мен Айша екеуі Orda school мектебінде 1 «е» сынып оқушылары. Отбасылық кәсіпті жүргізіп, кәсіби білімді үнемі жетілдіре отырып, қыздарымызға да көбірек уақыт бөлуге, бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге тырысамыз. Ең бастысы үлкен әжесі, өзінің ата-әжесі секілді адал қызмет етіп, өзі жақсы көретін ісімен айналысатын бақытты адамдардың қатарынан болса дейміз, – дейді Айман Ибайдулла.

Айта кету керек, жас отбасы бүгінгі күні төрт балапанымен бірге сол жағалаудағы жаңа, көпқабатты үйлердің бірінде тұрады. Бұған дейін үйлі болуға ниет еткен екеу «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құжат дайындауды қолға алған. Арада ұзақ уақыт өтпей көпқабатты үйден 3 бөлмелі пәтерді иеленуі – жас отбасы үшін ғана емес, түгел әулет үшін жағымды жаңалық еді.

«Сол кездегі қуанышымызды жеткізе алмаймын. Мақсат қойып, оған қол жеткізе білу одан сайын алға, жақсы өмірге ұмтылыс сыйлайды. Жаңа жандармен, өзіміз сияқты жас отбасылармен толыққан жаңа шағын ауданнан үйлі болу бізге серпін сыйлап, жаңа бастамаларға жол ашты. Кез келген мақсатқа қол жеткізуге болады. Бастысы ниет те, әрекет те – өзімізден. Соны ұмытпайық», – дейді бұл туралы 4 баланың әкесі, дәрігер, кәсіпкер Мұстафа Қалтаев.

Сол жағалаудың тұрғындары: "Бір салада қызмет етудің артықшылығы көп"

Айта кетейік, 2020 жылы облыста барлық қаржыландыру көзінен 1 946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген болатын. Ал өткен жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан 725 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталады деп жоспарланған. Бұл қаланы толыққанды пайдаланып, халықты қажетті тұрғын үймен қамтамасыз етуде үлкен жаңалық болды. Бүгінгі сол жағалау келбеті – инфрақұрылымы дамыған, өзгеріске бейім, заманауи, өмір сүруге қолайлы қала сипатында. Мысалы, бір жыл ішінде сол жағалауда қаншама жаңа кәсіп ашылып, тың бастамалар көтерілді. Оларға қолдау көрсетіп, тұтынушы ретінде өзіміздің өнімге сұраныс жасайтын да, игіліктерді пайдаланатын да – сол жағалау тұрғындары. Ендеше сол жағалаудағы жаңа үйлер жоғарыда аталған кейіпкерлеріміз Мақсат Мақұлбеков пен Мұстафа Қалтаевтың отбасына жаңа серпін сыйлағаны сынды жаңа тұрғындарға да оң өзгеріс әкелсін дейміз.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!