Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек күші аз өңірлерге қазақстандықтарды қоныстандыру процесін жетілдіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде еңбек күші тапшы өңірлердің мәселесі күн тәртібінде. Ол дегеніміз жұмыс күші аз, әсіресе солтүстік өңірлерге оңтүстіктен азаматтарды көшіру. Жыл сайын квота бөлініп келеді, оның көлемі артуда. Мысалы, биыл өткен жылға қарағанда 566 квотаға көбейді. Азаматтарды қоныс аударуға ынталандыру мақсатында аталған шаруаны автоматтандыру қолға алынды»,- деді Ілияс Испанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, әр өңір бойынша жол картасы бекітіліп, көшуге тапсырыс алдын ала беріледі.
«Сонымен қатар бүгінде ұтқырлық сертификаты енгізілді. Ол бойынша азаматтарды баспанамен қамту шығынының 50 пайызын Үкімет төлеп береді, қалған 50 пайыз шығынды жергілікті атқарушы орган немесе жұмыс беруші өтейтін болса, онда квота саны арта түспек», – дейді көші-қон комитетінің басшысы.
Сондай-ақ, брифинг барысында көші-қон мәселесіне қатысты бірнеше жайттар белгілі болды.
Атап айтқанда, елімізге инвестиция құйған шетел азаматтарына иммигрант визасымен қатар 10 жыл тұруға рұқсат берілмек.
Бүгінде Қазақстанда 14 417 шетел азаматы жұмыс істеп жатыр.
Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда еңбек ету мәселесін екіжақты келісім арқылы заңдастыру жағы қаралып жатыр.
Алдағы уақытта қандас мәртебесіне құжаттар Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде қабылданады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!