SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласында 38 жастағы кәсіпкер және блогер Жаслан Көпеевке қатысты сот үкімі шықты. Ол әлеуметтік желідегі жазбалары үшін ұлтаралық араздықты қоздырды және әртүрлі этнос өкілдерінің ар-намысына тіл тигізді деген айыппен 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

Прокуратура мәліметінше, Көпеев өзінің парақшаларында бірнеше бейнежазба жариялап, түрлі ұлт өкілдеріне тіл тигізген. Бұл контент кең аудиторияға қолжетімді болған. Судья Әсем Жаналина оның әрекеттері Қазақстан Конституциясына қайшы келетінін айтып, этносаралық араздықты қоздырғаны үшін ауыр жаза қолдану қажет деп тапты.

Ал Көпеев айыбын мойындамай, өз сөздерінде ұлтқа емес, «орыc әлемі» идеологиясына қарсы болғанын айтты.

«Мен елдің тұтастығы мен бейбіт өмірі үшін күрестім. Нағыз патриотпын», — деді ол соңғы сөзінде.

Сондай-ақ, блогер тергеу изоляторында Қазақстан аумағын бөлшектеуге үндеген адамдармен отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Жаслан Көпеев 2023 жылы «Қазақстан ұлтшылдар партиясы» атты ұйым құрған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сотталған азамат оны апелляциялық тәртіппен қайта қарата алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!