Тарихқа үңілсек, алғаш рет жеке сот орындаушылар институты Францияда енгізілген. Сондай-ақ, Балтық елдерінде, Эстония мен Латвия мемлекеттерінде ертеректе пайда болған. Бүгінде бұл жүйені әлемнің 65 мемлекеті қолданып келеді.
Осы орайда, Франция елінің моделіне сүйенген жеке сот орындаушылар институтын құруды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы тапсырды. 2010 жылы жеке сот орындаушыларының құқықтық іргетасы қаланып, ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осылайша, мемлекетімізде жеке сот орындаушылар институты пайда болды. Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғаш болып мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар, сот және басқа актілерді орындаумен жеке сот орындаушылары айналысатын атқарушылық іс жүргізу жүйесін өзгертті.
Осы ретте 25 жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және Республикалық палатаға кірген Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысы бола алатынын айтқым келеді.
Заңгерлік білімі бар, сондай-ақ Республикалық палата бекітетін бағдарламалар бойынша кәсіптік, оның ішінде қашықтықтан оқудан өткені туралы сертификаты бар Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысының көмекшісі бола алады. Жоғары заңгерлік білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары сот орындаушысының тағылымдамашылары бола алады. Тағыламдамадан өтіп, біліктілік емтиханынан оң нәтиже алған азамат ҚР жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасына мүше ретінде кіріп, жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуына толық құқығы бар.
2015 жылдың 25 ақпанында Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушылары республикалық палатасының Қызылорда облысындағы филиалы заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, бүгінде аймақтық филиал ретінде өз жұмысын жалғастыруда. Алғашында өңірлік алқасы жұмыс жасаған уақытта аймақта небәрі 9 жеке сот орындаушысы қызмет атқарса, бүгінде олардың саны 76-ге жетіп отыр. Қалада 62 жеке сот орындаушысы қызмет атқарса, 14-сі аудандарда жұмыс жасауда.
«Ұлт жоспары-100 нақты қадам» реформасын жүзеге асыру мақсатында елімізде қолданыстағы бірқатар заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Соның бірі, сот орындаушыларының тікелей жұмыс жасайтын Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңы. Осы заңның 138-бабында көзделген атқарушылық өндірістерден басқа өндірулерді 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жеке сот орындаушылары орындайды.
Тағы бір айта кететін жайт, жеке сот орындаушыларының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне» (АІЖО ААЖ) қол жеткізуі.
Бұл жүйенің, яғни АІЖО ААЖ-нің тиімділігі сол барлық атқарушылық құжаттар бойынша борышкер және оның материалдық жағдайы туралы тіркеуші органдардан толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша шараларды қолдануға көп жеңілдік туғызып отыр.
Сонымен қатар, сот орындаушыларының және басшыларының ақпаратты іздеуге жіберетін уақыттарын ықшамдауға бейімделген, сот актілерін атқару бойынша қызметтерін жедел орындауға, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Аталған жүйе аясында, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің «Төрелік» сот органдары ақпараттық жүйесі, сондай-ақ, ҚР Ішкі істер министрлігінің АИПС «Контроль» жүйесі арқылы соттардан, жергілікті полиция қызметінен электронды түрде келіп түскен атқарушылық құжаттарды жүйе арқылы орындау үшін жеке сот орындаушыларына бөлініп беріледі.
Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда жеке сот орындаушыларымен Ұлт жоспарынан туындаған міндеттер ауқымды түрде жүзеге асырылып келеді.
Ж. Оспанов,
Қызылорда облысының жеке сот орындаушылар Өңірлік палатасының орынбасары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!