Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Тасқын суды қауіпсіз қабылдауды және өткізуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар шеңберінде «Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалы Сергеев және Петропавл су қоймаларын қоса алғанда, өңірдің су шаруашылығы объектілерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM.

Әр төрт сағат сайын су қоймаларындағы су көлемі мен су жіберу көрсеткіштері туралы мәліметтер өңделіп, мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Ресей Федерациясының Түмен облысы бойынша Төменгі Обь бассейндік су басқармасына жолданып отырады.

2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, Сергеев су қоймасындағы су көлемі 706,1 млн текше метр. Қазіргі уақытта нысаннан секундына 32,8 текше метр көлемінде су жіберіліп жатыр. Бөгет жотасы арқылы судың асуы 8 сантиметрді құрап отыр. Су тасқыны басталғалы бері су қоймасына 51 млн текше метр су келіп түскен, оның 9 млн текше метрі жіберілген.

Петропавл су қоймасында 2026 жылғы 29 наурыздан бастап су деңгейін реттеу жұмыстары қақпаларды басқару арқылы жүргізіліп, су жіберу көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылып жатыр. Жалпы алғанда, өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты, Сергеев және Петропавл су қоймалары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

— Сергеев су қоймасының толуы — жыл сайын қайталанатын табиғи үдеріс. Нысан су көлемі артқан жағдайда артық судың бөгет жотасы арқылы автоматты түрде асуына мүмкіндік беретіндей етіп жобаланған. Бұл су қоймасының өзіне де, маңындағы елді мекендерге де қауіп төндірмейді. Сонымен қатар мұндай су асуы күздің соңына дейін жалғасуы мүмкін. Облыстағы су тасқыны жағдайы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен басқа да жауапты органдардың тұрақты бақылауында, — деді «Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Ержан Кусумбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!