Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Директорлар кеңесінің шешімімен Басқарма мүшесі-Стратегиялық даму және IT жөніндегі проректор болып Махмұт Мұратұлы Томанов тағайындалды.

Махмұт Мұратұлы Томанов – экономика ғылымдарының кандидаты. 1985 жылы 1 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Халықаралық бизнес университетінің (UIB) іскерлік әкімшілендіру факультетін «Әлемдік экономика» мамандығы бойынша, одан кейін «Экономика және халық шаруашылығын басқару» мамандығы бойынша аспирантураны бітірген.

Кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, еңбек жолын UIB, «Тұран» университетінде оқытушы лауазымынан бастап, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде доцент және секция меңгерушісі, ҚР БҒМ ҒК жанындағы Экономика институтында ғылыми қызметкер, Сүлейман Демирел атындағы Университетте (СДУ) ассистент-профессор және корпоративтік директоры, Алматы энергетика және байланыс университетінің директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі, Astana IT-University құзыреттер орталығының директоры лауазымдарында қызмет атқарған.

2021-2022 жылдары – Алматы Менеджмент Университетінде цифрлық трансформация жөніндегі проректор. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне проректор болып тағайындалғанға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің цифрландыру жөніндегі кеңесшісі болған.

UIB қабырғасында аспирант ретінде жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, содан кейін 2010-2018 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті Қорының жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, ал 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Орталық Азия цифрлық сарапшылар қауымдастығының вице-президенті.

«Астана Expo-2017″ инфрақұрылымы базасында инновациялық кластерлерді дамыту»: концептуалды негіздері мен оны іске асырудың тетіктері» жобасын енгізуге белсенді ат салысқан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!