Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Украина Республикасының Херсон мемлекеттік аграрлық-экономикалық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Келісімнің мақсаты – әріптестік байланысты нығайтып, ауылшаруашылығы саласында ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізу.

Қол қою рәсіміне Қорқыт ата атындағы Қызылорда унисерситетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова және Херсон мемлекеттік аграрлық-экономикалық университетініңректоры міндетін атқарушы Юрий Кирилов, экономика ғылымдарының докторы Владимир Дудченко, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Елена Марковская қатысты.

<strong>ХЕРСОН МЕМЛЕКЕТТІК АГРАРЛЫҚ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІМЕН ӘРІПТЕСТІК ОРНАДЫ</strong><strong></strong>

Қазіргі уақытта шетелдік ғалымдар Владимир Дудченко және Елена Марковская Қызылорда өңірінде егін шаруашылығы бойынша зерттеу жүргізуде. Олар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 магистрантын жұмысқа қабылдауға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы университеттің жетістіктерімен таныстырып, 115 білім беру бағдарламасы бойынша аймаққа ең қажетті мамандар даярланатынын атап өтті.

Өз кезегінде Херсон мемлекеттік аграрлық-экономикалық университетініңректоры міндетін атқарушы Юрий Кирилов меморандум өзара тәжірибе алмасу мен тың зерттеулер жасауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Меморандум аясында органикалық егіншілік және оның өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен инновациялық жобалар іске асырылып, инновациялық технологиялар жобасын құру үшін халықаралық ұйымдармен бірлесіп зерттеу жүргізілмек.

 Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарын селекциялау және тұқым шаруашылығын дамыту, Украина мен Қазақстандағы топырақ түрлеріне байланысты тауашалық дақылдарды (нишевых культур) өсіру жұмыстары атқарылмақ.


      Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!