Расында, «Өнерлінің ырысы – жарқырап жатар жолында» деген тәмсіл нағыз шын таланттарға қаратып айтылғаны жасырын емес. Қазіргі уақытта өнерге жақын жас балғындар әрбір ауылда қаулап өсіп келеді. Болашағынан зор үміт күттіретін кез келген өнерлі өреннің шын мықты екеніне көз жеткізіп жүрміз. Бір жағынан алдыңғы буынның ізбасарына айналған жалынды жастар жанып тұрған жарық жұлдыз іспетті. Осыдан 2 жыл бұрын ашылған «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығында 26 үйірмеде 400-ге жуық бала өнерін шыңдауда.

Сырдария ауданына қарасты 8 ауылда өз үйірмелерін ашқан орталық жылды табысты қорытындылап отыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ашылған орталықта өнерпаздар ән, би, аспапта ойнау, қолөнер, көркем сөз, хор, шешендік өнер, бейнелеу секілді бірнеше бағытта тәжірибелі ұстаздардан білім алуда. Аптаның 6 күнінде кестеге сәйкес, сабақтар өткізіліп, үйірме мүшелерінің толықтай қатысуы ұдайы басшылық тарапынан қадағалануда.

Жыл көлемінде орталықта біршама жағымды жаңалықтар орын алды. Ең алдымен, бірқатар ауылдағы үйірме сабақтары өткізілетін бөлмелердің материалдық базасы кеңейтілді. Сонымен қатар арнайы бөлмелерге жөндеу жұмысы жүргізіліп, үйірме сабағының өтуіне лайықтандырылды. Орталық құрылтайшысының және жекелеген демеушілердің, ата-аналардың қолдауының арқасында сахналық киімдер тіктірілді. Әрине, сала мамандарның кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі – маңызды рөл ойнайды. Өз кезегінде жекелеген үйірме жетекшілері ауыстырылып, сала мамандарымен әріптестік байланыс орнады. Бұл бағытта балғын балалардың үнемі бабында болуына барлық жағдай жасалуда.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне сапары барысында Қызылорда қаласында жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығына барған болатын. Орталықтың жұмысымен танысқан ел Президенті айдарлылық жас ұстазымыз Ақмарал Бегалының өнеріне жоғары баға берді. Жас ұстаз, қолөнер шебері Ақмарал Бегалы оқушысы Қырмызы Аманкелдімен бірге Мемлекет басшысына түкті кілемнің жасалу технологиясын таныстырды. Негізінен, Ақмарал Бегалы «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығында «Бисермен өру» және «Кесте тігу» үйірмелеріне жетекшілік етеді. Өз кезегінде «Жаңа Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның эканомикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер саласының үздігі» атты байқауға қатысқан әріптесіміз Айкерім Жұмабекова жүлделі І орынды иеленді.

Айта кетейік, жыл көлемінде «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды. Бесарық ауылдық мәдениет үйінің маманы Гүлсара Қарғабайқызының құрметіне арналып, «Гүлсара» би тобы құрылды. Орталық басшысының демеушілігінің есебінен Айдарлы және Жетікөл ауылының ардагерлері Түркістан қаласына сапар шегіп, киелі жерлерді аралап көрді. Ал Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы «Домбыра» үйірмесінің мүшесі Арайлым Бағдатқызына Арал ауданындағы «Қамбаш» лагері және қосымша білім беру орталығына жолдама берілді. Баспасөзге жазылу маусымында аудандық «Тіршілік тынысы» газетін Айдарлы ауылының 10 ардагеріне тегін жазып беру жүзеге асырылды.

– Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде халық баласын өнерге баулу – басты міндетіміз. Әрине, кез келген саланың жылдық қорытындысы шығарылады. Бізде жылды табысты қорытындылап, кемшін тұстарды таразылап, үздіктер қатарынан болуға ұмтылып келеміз. Шәкірттеріміз өнерде өзіндік орнын тауып, шын талантқа айналса игі. Әрбір баланың болашағын бағдарлап, жол көрсетуге мүдделіміз, – дейді «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!