Фото: ҚР Ұлттық ұланы
Қазақстанның су басқан облыстарындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға 3000 ұландық жауынгер қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі. Бұл туралы Kazinform ақпараттық агенттігінде жарияланды.
Халық пен Ұлттық ұлан бірге: Ұлттық ұланның 3000 жауынгері елді мекендердегі өзен жағаларын нығайтуға және патрульдеу жұмыстарына көмек көрсетеді.
Ел Президенті су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Отырысты ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін екенін атап өтті.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды толыққанды жүргізу және қиратуды болдырмау үшін ҚР Ұлттық ұланы академиясының 400 курсанты және «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6637 әскери бөлімінің 120 сарбазы тартылды. Олар Кожевный, Ольшанка, Жылыжай және Бескөл кенттерінде инертті материал салынған қаптарды дайындау және бөгет салу жұмыстарына тартылады. Курсанттар мен сарбаздар жағалауды нығайту жұмыстарына белсенді атсалысып жатыр.
5546 әскери бөлімінің (Атырау қ.) 120 адамнан астам әскери қызметшілері 10 автотехника көмегімен су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып жатыр. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен бірлесіп Құлсары қаласы көшелерінде тонауға жол бермеу бойынша қызмет атқарады.
Орал мен Ақтөбеде су тасқынына қарсы іс – шаралар мен қоғамдық тәртіпті қорғау үшін жеке құрамды тарту жалғасуда. 5517 және 6655 әскери бөлімдері тиісінше аталған аймаққа 380 және 400 әскери қызметшіні жіберді.
Жалпы құқытық тәртіп әскерінің 2000-ға жуық жауынгері су басқан кенттер мен қалаларда патрульдеу арқылы тұрғындардың жеке мүліктерін қорғауды қамтамасыз етуде, жағалауды нығайту жұмыстарына қатысуда, су тасқыны болған елді мекендерде су бұруды және каналдарды тазартуды жүзеге асыруда. Бұдан бөлек адамдарды, жануарларды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстарымен де шұғылданып жүр.
Еске салайық, қосымша 1000 әскери қызметші саны бар жеке құрамды тасымалдау жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Орал қаласына – 6506 әскери бөлім (Шымкент қ.) 300 адам және 5547 әскери бөлім (Қызылорда қ.) – 200 адам жіберді. Сол секілді 5451 (Қарағанды қ.) әскери бөлімінің жеке құрамы 500 әскери қызметші мен 18 автокөлікті темір жол арқылы Атырау қаласына аттандырды. Олар 2100 шақырымнан астам жол жүріп өтеді.
Сонымен қатар, 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы Петропавлға дейінгі шеруді сәтті аяқтады және елордалық Ұлттық ұланның жедел бригадасының 200 әскери қызметшісі су басқан елді мекендердің көшелерінде тонауға жол бермеу үшін Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық тәртіпті қорғауға кірісті.
Су тасқыны басталғаннан бері Ұлттық ұланның 120 әуе және автомобиль техникасы тартылғанын атап өткен жөн. 1000-нан астам адам эвакуацияланды, инертті материалдары бар 280 мың қапшық дайындалды және төселді. Жалпы ұзындығы 10 шақырымнан асатын арықтар тазартылды және 77 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!