Фото: Қазсушар БҚО филиалы
KAZINFORM — Бүгін жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жөнделіп жатқан су қоймаларына қатысты түсінік берді.
— Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау аясында бүгінде салада барлық 17 облысты қамтитын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол 42 су қоймасын салуды, 37 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14,5 мың шақырым суару каналдарын жөндеу мен реконструкциялауды көздейді. Барлық басым бағыт бойынша жұмыстар басталып кетті. 2024 жылы Ақтөбе облысында су қоймасын қайта жаңғырту аяқталды, сондай-ақ бес жыл бойы тоқтап тұрған Қызылорда су торабын реконструкциялау жұмысы қайта жалғасын тапты. Сонымен қатар былтыр 6 облыста 8 топтық су құбырының құрылысы мен реконструкциясы аяқталып, нәтижесінде 49 елді мекеннің (208 мың адам) сумен жабдықтау жүйесі айтарлықтай жақсарды, – деді Н. Нұржігітов.
Оның айтуынша, 2025 жылы саладағы жұмыстар жалғасып, 145 жоба іске асырылып, шамамен 300 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасын және Абай облысындағы Шар су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Астана қаласының негізгі ауызсу көзі саналатын Астана су қоймасын ауқымды тазалау жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Биыл Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасын қайта жаңғырту және Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасының соңғы 58 жылда алғаш рет жүргізіліп отырған күрделі реконструкциясы аяқталады.
—2025 жылы жөндеу және реконструкциялаудан өткен 700 шақырымнан астам ирригациялық желілер, сондай-ақ 224 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбыры пайдалануға беріледі. Бұл елді мекендерде 469 мыңнан астам адам тұрады, олардың ішінде 43 елді мекен (32 мың адам) бірінші рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл топтық су құбырын реконструкциялау жобасы аясында 35 мыңнан астам тұрғыны бар 52 елді мекеннің сумен қамтамасыз етілуі жақсартылды, жұмыстар 100 км-ден астам су құбырында жүргізілді. Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын салу жобасы бойынша 75 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендердің сумен қамтылу деңгейі жақсартылып жатыр, – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Түркістан облысында Қарақуыс және Бәйдібек-ата су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Оларды 2026 жылы аяқтау жоспарланған, бұл шамамен 69 млн текше метр қосымша су жинауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, Ислам даму банкі қарызының бірінші траншы қаражаты есебінен 2026 жылы үш жаңа су қоймасының құрылысы басталып (Ақмола су қоймасы – Жамбыл облысы, Қараөзек – Қызылорда облысы, Үлкен Өзен – Батыс Қазақстан облысы), екі су қоймасын реконструкциялау көзделген (Қарақоңыз – Жамбыл облысы, Көксарай – Түркістан облысы). Бір мезгілде оңтүстіктің 5 облысында жалпы ұзындығы 986 км құрайтын 103 каналды реконструкциялау мен автоматтандыру бойынша 96 жобаны іске асыру басталады.
Айта кету керек, 2023 жылға дейін бетонмен қапталған каналдардың үлесі 18%-ды (8 039 км) құраған. Суару желілерін жаңғырту бойынша барлық жоспарланған жобаны іске асыру 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға дейін (14 500 км) жеткізуге мүмкіндік береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!