«Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының баспасөз қызметі тауда суретке түсуге салынған тыйымға қатысты мәселеге жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласының тұрғыны Дарья Дунич Facebook-тағы жеке парақшасында демалыс кезінде тауда суретке түсуге тыйым салынғанын жазды. Айтуынша, Медеу спорткешені аумағында және «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында суретке түсуге тыйым салынған.
«Барлығы Медеуден басталды. Керемет таулар аясында фото жасағымыз келді. Жанымызға бір қызметкер таянып, фото түсіруге рұқсат қағазын сұрады. Қандай да бір кәсіби фотосессия жасауды жоспарламағандықтан, әрине, рұқсат ғақазы бізде болған жоқ.
Кейін фуникулермен Шымбұлаққа көтеріле бастадық. Енді ғана шығып едік, фотоаппаратты көрген қызметкер жанымызға келіп, бізде кәсіби фотоаппарат бар екені туралы өз телефонына видео түсіре бастады», – деп жазады ол.
Тауда фото жасау мәселесіне қатысты ҚазАқпарат жолдаған сауалға «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының баспасөз қызметі жауап берді.
Мәлім етілгендей, курорт аумағында фото және видео түсіруге қатысты ережелер бар. Мәселен, кәсіби фото және видео түсірілімді жүзеге асыру үшін, соның ішінде ұшақтарды (дрондарды), кез келген әуе модельдерін ұшыру, конструкторларды пайдалану үшін тау курортының әкімшілігінің алдын ала рұқсаты қажет. Себебі бұл жекеменшік аумақ.
«Сонымен қатар ресми рұқсатсыз курорт қызметкерлері әрбір түсірілімнің коммерциялық емес, қонақтардың жеке пайдалануына арналғанын үнемі тексере алмайды. Фото және видео түсіруге рұқсат алу үшін «Медеу» немесе «Шымбұлақ» стансасындағы ақпарат орталығына хабарласу керек. Немесе ресми сайтты пайдаланып, фото және видео түсіруге рұқсат алуға өтініш беру қажет. «Шымбұлақ» ақпарат орталығы рұқсат беру өтінішін жедел түрде қарайды. Ал сайт арқылы рұқсат алу бір сағат ішінде жүзеге асырылады», – деп атап өтті «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ демалыс орнының қонақтары телефон камерасына еркін суретке түсе алатыны хабарланды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!