Апта басында мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың 70 жасқа толуына орай тағылымы мол, мазмұны терең кездесу өтті. Бірі – облыс әкімдігінде, екіншісі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұйымдастырылды.
Облыс әкімдігіндегі салтанатты жиынға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстанның Еңбек Ерлері Ұзақбай Қарабалин, Юрий Пя, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов, түрлі сала өкілдері, мерейтой иесінің әріптестері мен замандастары қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылып, Қырымбек Көшербаев «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
– Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, абыройға, сый-құрметке бөленген аға буын ішінде Қырымбек Елеуұлының тұлғалық келбеті, адами болмысының ерекшелігі өз алдына бөлек. Ел аманатын арқалап, халық құрметіне кенелген ардақты ағаларымыздың ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі ету, лайықты құрмет көрсету – біздің басты парызымыз. Қырымбек Елеуұлы ел Тәуелсіздігінің елең-алаң кезеңінен бастап табанды қызмет етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосты. Қазақ елінің бірлігін нығайтуға, ұлт руханияты мен мәдениетін дамытуға сіңірген еңбегі елге белгілі. Қызмет барысында әркез байыпты бастамаларды іске асырды.
Сыр өңірін басқарған уақытта елдің еңсесін тіктеуде ауқымды жұмыс атқарды. Мемлекет ісі мен ғылымды қатар ұштастырған өмір жолында, сан-салалы қызметте жинаған мол тәжірибесі кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сізді жерлестеріміздің, өзімнің атымнан мерейлі 70 жасыңызбен құттықтаймын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Басқосу кезінде сөз алғандар Қырымбек Елеуұлының түрлі кезеңде атқарған қызметін атап өтіп, мерейтой иесінің мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мен қоғамдық өмірдегі рөліне тоқталды.
Ал университет қабырғасында құрметті қонақ университет ардагерлері, профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылармен кездесіп, жүрекжарды әңгіме өрбітті. Кездесу барысында университеттің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова Қырымбек Елеуұлын университеттің «Құрметті профессоры» атағымен марапаттап, арнайы диплом табыс етті.

– Халқымыздың тұлғалы азаматына лайықты құрмет көрсету – біздің бұлжымас дәстүріміз. Ел дамуына сіңірген қажырлы еңбегі үшін Қырымбек Елеуұлына алғыс білдіре отырып, Ғылыми кеңестің шешімімен «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» атағын табыстауға рұқсат етіңіз, – деді ректор өз сөзінде.
Ізгі ықыласқа толы кездесу еркін форматта өтіп, профессор- оқытушылар құрамы мен студенттер ел ағасына көкейде жүрген сауалдарын қойып, мазмұнды жауап алды. Әсіресе, жас буын үшін бұл жүздесу – ел басқарудағы тәжірибе, көшбасшылық қасиет, ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды келер ұрпаққа аманаттау жайлы өмірлік сабаққа айналды.
БАҚ өкілдерімен сұхбат барысында мемлекет және қоғам қайраткері жастарға көңілі толатынын айтты.
– Бүгінгі жастар ізденімпаз, тәуелсіз, кеңестік кезеңнің қатқыл стандарттарынан бос. Олардың санасында үрей жоқ. Ал біз екі дәуірде кеңестік кезең мен нарықтық заманда өмір сүрдік. Жастарға көңілім толады. Біз сіздерге сеніп, үмітпен қарауымыз керек. Қолдауымыз қажет. Бастысы ұлттық құндылығымызды құлдыратпаса деймін, – деді ол.
Айта кетейік, Қырымбек Елеуұлы – В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының және Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясының түлегі. Жиырмадан астам ғылыми еңбек, монография мен құнды кітаптың авторы. Мемлекеттік басқару саласындағы сүбелі еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен, сондай-ақ Ресей Федерациясының І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, Бірінші класты Төтенше және Өкілетті Елші атағына ие.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!