Қызылорда облысы – Қазақстан тарихында ғана емес, Орталық Азия өркениетінде айрықша орны бар киелі аймақ. Бұл өңір – ежелгі мәдениеттер тоғысқан, сауда мен руханияттың алтын арқауына айналған Ұлы Жібек жолының негізгі тармақтары өткен тарихи кеңістік. Сырдария бойын жағалай өткен керуен жолдары ғасырлар бойы өңірдің экономикалық, мәдени және ғылыми дамуына серпін беріп, Жанкент, Сығанақ, Жент, Баршынкент секілді ірі қалалардың қалыптасуына негіз болды.

Ұлы Жібек жолы – тек сауда қатынасының желісі емес, халықтар арасындағы мәдени, рухани және ғылыми байланыстың алтын көпірі еді. Осы жол арқылы жібек пен алтын ғана емес, білім мен идея, өнер мен өркениет тарады. Соның нәтижесінде Сыр өңірінде сәулет өнері, қолөнер және қалалық мәдениет жоғары деңгейде дамыды. Бұл өлке оғыз, қыпшақ, қаңлы дәуірлерінде, кейін Қазақ хандығы тұсында да саяси және экономикалық маңызы зор аймақ болды.

Бүгінде Қызылорда облысының аумағында Ұлы Жібек жолының ізін сақтаған мыңға жуық археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген. Олар – өткен тарихтың үнсіз куәгерлері ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін арттыратын аса құнды ресурс. Алайда осы бай мұраның туристік айналымға толық енгізілмеуі – өңір дамуының басты түйткілдерінің бірі.

Қазіргі таңда туризм – экономиканы әртараптандыратын, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдететін стратегиялық сала. Туризмнің дамуы тек қаржылық табыс әкеліп қоймай, ұлттық мәдениетті насихаттауға, тарихи мұраны сақтауға және өңірдің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік береді. Бұл бағытта Алматы, Түркістан және Шымкент өңірлерінің тәжірибесі айқын үлгі бола алады. Аталған аймақтар туристік инфрақұрылымды дамытып, тарихи-мәдени нысандарды тиімді насихаттау арқылы туристер ағынын еселеп арттыра алды.

Қызылорда облысының да мұндай мүмкіндігі жеткілікті. Алайда инфрақұрылымның әлсіздігі, ақпараттық-танымдық насихаттың жеткіліксіздігі, жол бойындағы навигация жүйесінің дамымауы туристердің тұрақты ағымын қалыптастыруға кедергі келтіріп отыр.

Осы мәселелерді талқылау мақсатында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының 2026 жылға арналған жылдық жоспарына сәйкес 15 қаңтар күні «Аймақтағы туризмді дамыту мәселесі. Этно-мәдени және мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің жағдайы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ғалымдар, археологтар, туризм саласының мамандары және тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемелерінің өкілдері қатысып, өңір туризмін дамыту жолдарын жан-жақты талқылады.

Дөңгелек үстел барысында нақты ұсыныстар айтылды. Біріншіден, туризм саласында жүйелі маркетинг пен жарнама жетіспейді. Жол бойындағы жанармай құю станцияларында, демалыс орындарында флайерлер, туристік карталар, билбордтар орнату арқылы өңірдің тарихи нысандарын кеңінен таныту қажет.

Екіншіден, Жанкент, Сортөбе, Асанас, Шіркейлі қосасары секілді археологиялық ескерткіштерді зерттеуге бөлінетін қаржыны кемінде үш есеге арттыру ұсынылды. Қазба жұмыстарына жыл сайын 50-60 млн теңге көлемінде тұрақты қаржы бөлу ғылыми зерттеулердің сапасын арттырып, жас ғалымдарды тартуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, шалғайда орналасқан, бірақ тарихи маңызы зор ескерткіштердің – Бұланды күмбезді кесенесі мен Сырлытам кесенелерінің толық масштабтағы көшірмелерін салу ұсынылды. Бұл нысандарды әуежайға апаратын жол бойына орналастыру өңірдің туристік келбетін айшықтай түсер еді.

Төртіншіден, облыс аумағында мыңға жуық археологиялық ескерткіш тіркелгенімен, бірде-бір қорық-музейдің болмауы – үлкен олқылық. Осы бағытта арнайы қорық-музей құру тарихи мұраны сақтаумен қатар, туризмді жүйелі түрде дамытуға жол ашады.

Бесіншіден, Орта Азия мен әлемге танымал Жанкент пен Сығанақ қалашықтарының маңынан заманауи визит-орталықтар салу қажет. Бұл орталықтар туристерге сапалы ақпарат ұсынып, экскурсиялық қызметті дамытуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Қызылорда облысы – Ұлы Жібек жолының жай ғана географиялық өткелі емес, оның рухы мен тарихы сақталған тірі мұра. Осы байлықты тиімді пайдаланып, жүйелі түрде насихаттау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Мемлекеттік қолдау мен нақты жоспарланған қадамдар арқылы Сыр өңірі алдағы уақытта мәдени-танымдық туризмнің халықаралық деңгейдегі орталығына айналуға толық әлеуетке ие.

ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының

 баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!