Қызылорда облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Осы жылы бұл көрсеткішті 234 млрд 800 млн теңгеге жетті. Қазіргі таңда 6 млрд 400 млн теңге болатын 9 жоба іске қосылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлады. Оның айтуынша, өңірде су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру қарқынды жүріп жатыр.
«Биыл диқандарымыз күріш егістіктерінің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізіп, өнімділікті 30%-ға арттырды. Өңіріміздің өсімдік шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына алдағы 3 жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 8 мың 100 гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Облысымыздың 3 ауданында шетелдік компаниялардың қатысуымен су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы жүгері, жоңышқа дақылдарын егу бойынша 3 ірі жоба жүзеге асуда», – деді спикер.

Өңірде биыл 189 мың 600 гектарға егін, оның ішінде 80 мың 900 гектарға күріш дақылы егілді. Бүгінде, әр гектардан 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды.

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
