Ғылым дамыған сайын қоғамға күн санап өзгеріс енуде. Бірақ сол өзгерістің астарында ғалымдардың үлкен еңбегі мен күндіз-түні тынбастан жүргізген зерттеулері тұрады. Бұл еңбек жолынан көпшіліктің бірі хабардар болса, енді біріне елеусіз жаңалық болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де үздіксіз ізденіс қашанда құрметке лайық. Бүгін біз де осы тақырыпты қаламға арқау еттік.

      Енді сырбойылықтар дүкен сөресіндегі жасанды қытырлақтарды емес, табиғи әрі дәмді қауын қытырлақтарынан дәм тататын болады. Қауын қала халқының сүйікті дәмі екенін ескерсек, бұл жобаның тұтынушылар тарапынан үлкен қолдауға ие болары анық. Әсіресе қыс кезінде жаздың дәмін аңсайтындар үшін тың жобаның орны бөлек. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов өз жобасын сәтті қорғап, «Қауын қытырлағы» жобасына авторлық куәлік алды. Осылайша тынымсыз еңбектің нәтижесінде жоба авторы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,5 миллион теңге қайтарымсыз грант иеленген. Самалбектің тың жобасы аясында қауынды кептіруге арналған құрылғы алынып, оның тиімді тұстары зерттелген. Оның айтуынша, өнім табиғи дәмін сақтай отырып, жергілікті қауынның «күләбі» сортынан дайындалады. Қазіргі таңда қауын қытырлақтары өңірімізде ғана емес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында сатылымға шығып үлгерген. Жоба мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ғалым алдағы уақытта «Қызылорда қауындары» қытырлағын Өзбекстан Республикасына экспорттауды жоспарлауда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!